Жарияланды: 560

Қазақстанды Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбыры жобасына біріктіру жөніндегі келіссөздер қорытынды хаттамаға қол қоюмен аяқталды

Қазақстанды Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбыры жобасына біріктіру мүмкіндігі жөніндегі Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы келіссөздердің Бакуде өткен кезекті сатысы қорытынды хаттамаға қол қоюмен аяқталды. Бұл туралы "ҚазақМұнайГаз ҰК" ЖАҚ-ның басқарушы директоры Қайыргелді Қабылдин мәлімдеме жасады,- деп хабарлайды TopAz.

Қ.Қабылдиннің айтуынша, аталмыш құжатта екі елдің жұмыс тобының осы жолғы бас қосуының қорытындысы, соның ішінде ГНКАР мен "ҚазақМұнайГаз ҰК" ЖАҚ-ның әзірлеген үлгілері негізінде үкіметаралық келісімнің біртұтас үлгісін әзірлеу жөніндегі ортақ мәміле мен кезекті келіссөздердің мерзімі тәрізді мәселелер көрініс тапты. Қ.Қабылдин келіссөздер барысында едәуір ілгерілеушіліктерге қол жеткенін атап көрсетті. Оның айтуынша, келісімнің екі үлгісі арасында айтарлықтай алшақтық байқалған жоқ. Тараптар инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасауға, инвестициялардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік беруге әзірлік танытып отыр. Құжаттардағы басты айырмашылық сол, Әзербайжандық үлгі келісімді парламентте бекіту негізінде әзірленсе, Қазақстанда үкімет пен мұнай компаниялары арасындағы келісім-шарттары парламентте ратификацияланбайды, өйткені, Қазақстанда инвестициялардың қауіпсіздігін үкімет кепілдендіреді. Сонымен бірге, Қ.Қабылдиннің айтуынша, Ақтау-Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы жүйе құру туралы үкіметаралық келісім мен басқа да құжаттарды Қазақстан парламентінде бекітудің нақты негіздемеге сүйенген себептері келтірілсе, еліміз бұл қадамға баруға дайын. Ол сондай-ақ, үкіметаралық келісімнің жобасында Ақтау-Баку жобасының инвесторларына салық жеңілдіктерін беру қарастырылған. Ал Қазақстан жағы болса бұған қарсы. "Жобаның потенциалдық инвесторлары елімізде қазірдің өзінде жұмыс істеп жатыр. Олар салық салу тәртібіне қарсылық білдіріп отырған жоқ. Егер біз бұл жобаның инвесторларына жеңілдік жасасақ, басқа жобаларға қатысушы инвесторлар да жамырай жеңілдік талап етуі мүмкін. Салық жеңілдіктері компаниялардың пайдасын арттырғанымен, мемлекеттің кірісін азайтады, ал бұл мәселеге біз мемлекеттік позиция тұрғысынан қарап отырмыз",- деді Қ.Қабылдин. Оның хабарлауынша, осы жолғы кездесу барысында ГНКАР мен "ҚазақМұнайГаз ҰК" ЖАҚ мамандарының қатысуымен жеке жұмыс тобын құру туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл жұмыс тобы екі жақтың үлгісі негізінде үкіметаралық келісімнің біртұтас интеграциялық үлгісін дайындаумен айналысады. 25-қазанға дейін бұл жұмыс тобы келісімнің мәтінін келісуі тиіс. Сол күні Стамбулда өтетін екі компания басшыларының кездесуінде аталмыш құжат түбегейлі келісіліп, одан әрі екі ел үкіметтерінің қол қоюына жіберіледі. Егер жұмыс топтары мәтін туралы келісе алмаса, 25-қазандағы кездесуде келіссөздердің арықарайғы бағыт-бағдары айқындалады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть