Қазақстан-Қытай: Табысты әріптестікке 30 жыл - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан-Қытай: Табысты әріптестікке 30 жыл

Қазақстан-Қытай: Табысты әріптестікке 30 жыл

2021 жылғы 24 маусымда «Қазақстан-Қытай: табысты әріптестікке 30 жыл» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Нұрсұлтан Назарбаев Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) ұйымдастырды.

  • 25 Маусым 2021
  • 635
Фото - Caravan.kz

Іс-шара екі сессия шеңберінде белгілі қазақстандық және қытайлық сарапшылардың қатысуымен өтті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. 

Дөңгелек үстелді ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев ашты. Өз сөзінде ол тәуелсіздік жылдары Қазақстан мен Қытай стратегиялық серіктестіктің тең құқылы және өзара тиімді қарым-қатынастарын дамытуда зор белестерге жеткенін айтты.

Экономикалық ынтымақтастық туралы айта келе, ӘЭСИ директоры Қытай – Қазақстан үшін екінші ірі сауда серіктесі екенін атап өтті.

«2020 жылы жаһандық жеткізілім тізбегінің бұзылуы әлемнің көптеген елдерінің саудасына әсер етті. Әйтсе де, Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы төмендемей, тіпті 4%-ға артты. Жалпы, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда көлемі 2020 жылы 15,4 млрд АҚШ долларын құрады. 2021 жылдың қаңтар-сәуір айларында тауар айналымы 5 млрд доллардан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10% — ға өсті», — деп атап өтті Салтыбаев.

Сондай-ақ, ол Еуразиядағы континентаралық құрлық тасымалдары үшін Шығыс пен Батыс арасындағы Қазақстанның географиялық орнының стратегиялық маңызы туралы айтты. 2020 жылы Қазақстан арқылы өтетін транзиттік теміржол тасымалының көлемі 17% — ға өсті. 900 мыңға жуық контейнер тасымалданды, олардың 90%-дан астамы Қытай-Еуропа-Қытай бағытының үлесінде.

Ынтымақтастықтың маңызды аспектісі ретінде Салтыбаев екі ел арасындағы ғылыми-сараптамалық өзара іс-қимылды ерекше атап өтті. ӘЭСИ тұрақты серіктестері қатарында ҚХР Қоғамдық ғылымдар академиясы, Шанхай халықаралық зерттеулер академиясы, Қытайдың Қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясы, Халықаралық мәселелер жөніндегі Қытай академиясы сияқты жетекші ғылыми ұйымдар бар.

«Біздің серіктестік Үлкен Еуразияны қалыптастыру мәселелері дәстүрлі түрде Қытайдың жетекші сарапшыларының қатысуымен өтетін Астана клубының жыл сайынғы отырыстары аясында да жүзеге асырылуда», — дейді Салтыбаев.

Қорытындылай келе, ӘЭСИ директоры Қазақстан өзінің ұлттық мүдделерін ескере отырып, көршілермен достық қарым-қатынасты әрдайым қолдайтынынын айтты.

«Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет атап өткендей, Үлкен Еуразиядағы қатынастар әрбір мемлекеттің мүдделері үйлесімді ұштасатын өзара тиімді әріптестік қағидаты бойынша құрылуы тиіс. Әрине, Қазақстан да осыған ұмтылады», — деп қорытындылады Салтыбаев.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан құттықтау сөзін сөйледі.

Өз сөзінде ол Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы үлгілі тұтарлық екенін атап өтті.

«Бүгінде екіжақты ынтымақтастықтың қарқыны тату көршілік пен өзара түсіністік рухында дамып келеді деп сенімді түрде айтуға болады. Әрине, екі елдің ұзақ мерзімді ынтымақтастығының дамуында ең басты рөлді мемлекет басшылары деңгейіндегі сындарлы ашық диалог атқаратыны белгілі», — деп атап өтті А. Құспан

Сонымен қатар, ол парламентаралық деңгейдегі тұрақты ынтымақтастықты атап өтіп, мәдени ынтымақтастық тақырыбын қозғап, қытай жастарының қазақ тіліне деген қызығушылығының артқанын атап өтті.

30 жылдық өзара іс-қимылдың қорытындыларын шығаруға арналған бірінші сессияда спикерлер екі елдің саяси өзара іс-қимылының қорытындыларын, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі жетістіктерін, ҚР мен ҚХР-ның өңірлік деңгейдегі өзара іс-қимылын талқылады.

Қытай Қоғамдық Ғылымдар Академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының вице-директоры Ли Чженьли Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық, сауда-экономикалық және гуманитарлық деңгейдегі екіжақты ынтымақтастықтың жетістіктерін атап өтті.

Қытайлық сарапшы денсаулық сақтау, цифрлық экономика салаларын, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастыққа өзара іс-қимыл жөніндегі ұсыныстардың төңірегінде тоқталды.

«Екі тарап та бейбітшілік пен дамудың маңыздылығын түсінеді, ШЫҰ, АӨСШК және БҰҰ сияқты өңірлік және жаһандық ұйымдар мен құрылымдар шеңберінде жақсы қарым — қатынас пен сындарлы диалогты сақтайды», — деді сарапшы.

Сондай-ақ Ли мырза Ауғанстандағы жағдай бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында екі елдің ықтимал кооперациясына назар аударды. Оның пікірінше, 2021 жылғы 11 қыркүйекте Америка әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуы Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздік жағдайының күрт нашарлауына алып келуі мүмкін.

«Қытай мен Қазақстан ынтымақтастықты нығайтып, өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты бірлесіп қолдауы тиіс», — деді сарапшы.

Келесі спикер Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы, белгілі дипломат Қайрат Әбусейітов болды.

Қайрат Әбусейітов өз сөзінде мемлекеттер қарым-қатынастарын дамыту үшін шекараларды белгілеу мәселесінің маңыздылығына ерекше назар аударды.

Шекараны белгілеу бойынша келіссөздер бәрінен бұрын Қытаймен екі арада басталып, тиісті келісімге қол қойылғаны мәлім.

Нәтижесінде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның шығыс көршісімен шекарасын белгілеуі одан кейінгі онжылдықтар бойы Қазақстан — Қытай әріптестігінің үдемелі және сенімді дамуы үшін берік негізге айналды.

Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарын келешекте дамыту тұрғысынан Нұрсұлтан Назарбаев Қорының өкілі «Үлкен Еуразия» тұжырымдамасын іске асыру арқылы екі ел үшін ашылатын мүмкіндіктерді атап өтті.


Қ.Әбусейітовтің пікірінше, ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Н. Ә.Назарбаев ұсынған идея біріккен Еуразияның тұрақты болашағын көздейтін барлық елдердің ортақ мүдделеріне жауап береді.

Қазақстан мен Қытайдың екіжақты қарым-қатынастары, сондай-ақ біздің мемлекеттеріміздің өңірдегі және әлемдегі алар орны еуразиялық кеңістікте тығыз өзара іс-қимылдың табысты қалыптасуы үшін айқындаушы ықпалды қамтамасыз ете алады.

ҚХР Шанхай Халықаралық зерттеулер университетінің профессоры Ян Чэн дөңгелек үстелдің бірінші сессиясын өз сөзімен аяқтады. Чэн мырза екі ел арасындағы қарым-қатынастардың табысты дамуының кепілі туралы пікірімен бөлісті:

«Біздің екіжақты қарым-қатынастарымыздың қарқынды әрі табысты дамуының құпиясы неде? Мен, ең бастысы – теңдік деп айтар едім. Қазақстан 30 жыл бұрын тәуелсіздік алғаннан бері Қытай Қазақстанды тең құқылы әріптес ретінде қарастырып келеді».

Сондай-ақ, қытайлық сарапшы серіктестікті нығайтудың әлеуетті салалары бойынша бірнеше ұсыныс жасады. Олардың арасында денсаулық сақтау саласы да бар. Сарапшы Қазақстанның өз вакцинасын әзірлеудегі күш-жігерін жоғары бағалады.

Ян Чен тұрақты негізде жұмыс істей алатын бірлескен медициналық орталық құру шешімінің келешегі мол деді.

Сарапшы сонымен қатар Covid-19 пандемиясымен күресу үшін қолданылатын заманауи технологияларға да тоқталды.

«Қазақстанда Ashyq қосымшасы әзірленді. Қытайда мұндай құралдар жан-жақты қолданылады. Бұның шынымен де көмегі зор, бірақ менің білуімше, сіздерде тек 1 миллион 600 мың қолданушы ғана тіркеліпті. Бұл халықтың шамамен 10%-н ғана құрайды және бұл жеткіліксіз», — деп қорытындылады Ян Чен.

Екінші сессия Қазақстан мен Қытайдың екіжақты қарым-қатынастарының, оның ішінде жаңа геосаяси жағдайдағы қарым-қатынастарының, «Белдеу мен жол» аясындағы өзара іс-қимылдың, сондай-ақ ынтымақтастық өсімінің жаңа нүктелерінің келешегі тақырыбына арналды.

Қытайдағы Ланьчжоу университетінің профессоры Чжан Хунли өз сөзінде білім беру тақырыбына назар аударды.

Чжан Хунлидің айтуынша, екі тараптың да студенттер санының өскені байқалады. 2005 жылдан 2012 жылға дейін Қытайда оқитын қазақстандық студенттердің саны 781-ден 14 мың адамға дейін өсті. Қазақстандық студенттер Қытайдағы шетелдік студенттер саны бойынша 8-ші орында.

«Білім беру саласындағы Қытай-Қазақстан ынтымақтастығы институционалдық және практикалық деңгейде де үлкен жетістіктерге жетті. Әсіресе, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы жолға қойылғаннан кейін екі ел арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастыққа ұмтылыс екі есе артты», — деп атап өтті сарапшы.

Белгілі қытайтанушы сарапшы Руслан Изимов екі елдің қарым-қатынасы туралы айта келіп: «Біздің қарым-қатынастарымыз шекара маңы сауда-саттығынан бүгінгі деңгейге дейін, қарым-қатынастар стратегиялық әріптестік кезеңіне аяқ басқанға дейін жетілді», — деп атап өтті.

Өз сөзінде ол Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың ауқымды геосаяси аспектісін қозғады.

Бүгінде АҚШ пен Қытай түрлі бағыттар бойынша жиі текетіреске түсіп жүр. Ресейдің өз алдына салмағы бар. Сарапшының айтуынша, Орталық Азия өз кезегінде осы екі полюстің ортасында орналасқан. Қазақстан кейбір мәселелер бойынша екі полюстің бірінің пайдасына таңдау жасауы керек. Осындай бағыттардың бірі, мысалы, 5G технологияларын дамыту болып табылады.

Дөңгелек үстел соңында ӘЭСИ азиялық және қытайлық зерттеулер бағдарламасының жетекшісі Ерлан Мадиев сөз сөйледі. Сарапшы соңғы жылдары қалыптасқан кооперацияның оң серпінін бұзуы мүмкін қандай да бір іргелі қайшылықтар мен проблемалар болмағандықтан, елдер арасындағы қарым-қатынас осындай жоғары деңгейге жетті деген пікір білдірді.

Сонымен қатар, сарапшының айтуынша, кез келген мемлекетаралық қатынастар сияқты, ҚР мен ҚХР өзара іс-қимылы өңірлік, сондай-ақ жаһандық деңгейдегі түрлі процестердің әсерін толық көлемде сезінуде.

Мадиев табысты ынтымақтастықтың маңызды факторларының бірі ретінде түрлі тәуекелдер мен қажетсіз дағдарыстық жағдайларды болдырмауға мүмкіндік беретін тиімді қарым-қатынасты атады.

«ҚХР тарапынан қойылған шектеулерге байланысты Қазақстан-Қытай шекарасында пайда болған кептелістердің өзін-ақ айқын мысал ретінде келтіруге болады. 2020 жылғы қарашадан бастап сәуір айына дейін Қытай Қазақстаннан астық, түсті металдар, тыңайтқыштар және басқа да тауарлары бар 12 мың жабық вагонды шекарадан өткізбей қойды. Мұндай іс — қимылдардың орындылығына қатысты мәселеге тоқталмасақ та, тиісті ведомстволар арасындағы тиімді және уақтылы қарым-қатынас мұндай жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді деп сеніммен айтуға болады», — деген пікірімен бөлісті Мадиев.

Жалпы пікірталасқа қатысушылар 30 жыл ішінде Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы дамудың жоғары деңгейіне жетті деген ортақ пікірге келді. Бірқатар проблемалық мәселелерге қарамастан екі тараптан да сындарлы және өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға әзірлік байқалады.

Соңғы жаңалықтар