Қостанай облысында анасы жаңа туған нәрестесін терезеден лақтырып жіберді
![]() |
Қостанай облысының Октябрь кентінде жас әйел барлығынан жасырынып бала босанып, нәрестесін терезеден лақтырып жіберді. |
27 желтоқсан күні таңғы сағат 6-да пәтерінде ұйықтап жатқан отбасылық жұпты баланың жылаған дауысы оятты. Жас жұбайлар пакетке оралған тастанды туралы полицияға хабарлап, «жедел жәрдем» қызметін шақырды.
Полицейлер нәрестенің анасын сол күні анықтады - ол 17 жасар жергілікті тұрғын болып шықты. Бұл туралы Қостанай облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлайды.
Қатты тоңып қалған нәресте - ұл бала Лисаков қалалық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оған пневмония диагнозын қойды.
«Бала босанған бойжеткен Рудный қаласында оқиды, демалысқа ата-анасының үйіне келген. Ол жүктілігі туралы білмегенін айтып,оны босанып жатқанда ғана түсінгенін сендіріп айтуда», - делінген хабарламада.
«Бойжеткен ата-анасының үйінде босанды. Жүктілігі туралы ата-анасына айтуға қорыққан студент қыз түнде дәретханада босанды. Туыстарынан қорыққан ол нәрестені пакетке орап, терезеден лақтырып жіберді. Одан кейін бойжеткеннің өзі қатты қансырап, кейін ауруханаға жеткізілді», - деп түсіндіреді полиция баспасөз қызметінің қызметкерлері.
Бойжеткеннің туыстарының айтуынша, олар қызының басқа қалада оқуы себебімен оның жүктілігінен хабарсыз болған.
Сот алдындағы тергеу амалдарының барысында баланың болуы мүмкін биологиялық әкесі анықталды - ол 19 жастағы сарбаз болып шықты.
Аталған фактімен ҚР ҚК-нің 100-бабы («Анасының жана туған нәрестесін өлтіруі») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Баланың әкесіне қатысты кәмелеттік жасқа толмағанмен жыныстық қатынасқа түсу фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 122-бабының 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі кезде нәрестенің өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ, ол Лисаков қалалық ауруханасында емдеуден өтіп жатыр.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін