Жарияланды: 640

Қостанай облысында астықты толыққанды өңдейтін зауыт салынады - ҚР Елбасы

Қостанай облысына жасаған екі күндік сапары барысында ҚР Елбасы ауылшаруашылығы саласын дамыту мәселесіне баса назар аударды. Президент мемлекет тарапынан ауылды дамытуға бағытталған үш жылды ауылшаруашылығының тауар өндірушілері мейлінше тиімді пайдалануы дұрыс дегенді ерекше атап көрсетті.

"Мемлекет ауылшаруашылығы өндірісін дамытуға 150 млрд. теңге және әлеуметтік салаға 30 млрд. теңге бөлгелі отыр. Бұл қолдауды сіздер ауылшаруашылығы тауарларының бәсекелестік қабілетін арттыруға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға жұмсауларыңыз керек",- деді президент облыстағы шаруа қожалықтарының басшыларымен мен аудан әкімдерімен өткізген кеңесте. Н.Назарбаевтың пікірінше, ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру үшін астық және мал шаруашылығында озық технологияларды қолдану қажет. Атап айтсақ, Елбасы биылғы жаздағы күрделі климаттық ахуалға қарамастан бітік өнім алуға жағдай жасаған агротехникалық технологиялардың тиімділігіне тоқталды. "Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуге талпыныс жасауда әрі еліміздің бұл ұйымға таяу уақыттарда мүшелікке өтуге мүмкіндігі бар. Бұл - Қазақстан үшін жаңа шекаралар айқара ашылып, өнім өткізетін жаңаша базарлар пайда болады деген сөз. Бұған жауап ретінде еліміз де басқаларға есігін ашуға тиіс. Осындай күрделі бәсекелестікке төтеп беру үшін өнім сапасына назар аудару керек",- деді Елбасы. Мемлекет басшысы ауылшаруашылығы шикізаттық сипатын еңсеріп, жоғары дамыған өңдеу өнеркәсібіне иек сүйеуі тиіс екенін атап өтті. Сондай жағдайда ғана ауылшаруашылығы өніміне салынған инвестиция өз елімізде қалады. Сондай жағдайда ғана ауылдағы тұрлаулы өсім туралы сөз қозғауға болады. Бұл өсім еліміздегі жалпы өсу-өркендеуге үлес болары анық. Осыған байланысты Елбасы облыс әкімі Өмірзақ Шүкеевтің аймақта астықты терең өңдейтін зауыт салу туралы бастамасына қолдау білдірді. Бидайды толыққанды өңдеу технологиясы тек ұн ғана емес, сонымен бірге азық-түлік өнеркәсібінде кеңінен қолданылатын крахмал, фруктоза және глюкоза тәрізді өнімдер алуға мүмкіндік береді. "Облыста астықты толыққанды өңдейтін зауыт салу туралы бастаманы үкімет қолдайды. Ауыл экономикасы көбінесе өңдеу өнеркәсібінің көмегімен өсіп келе жатқаны мәлім. Ал аяғынан тік тұра алған ауылшаруашылығы Қазақстан экономикасын сапалық жаңа деңгейге көтереді",- деп атап көрсетті Елбасы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть