«Кейбір шетелдердің тәжірибесі айғақтап бергеніндей, заң талабын күшейтіп, ірі көлемдегі айыппұлдар салу мен дүние-мүлікті тәркілеу — есірткіге қатысты қылмыстар үшін сотталғандар санының азаюына себепші болған»,- деді министр. «Осыны ескеру негізінде біз есірткіге қатысты қылмыстар үшін жүктелетін жазаны өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін күшейтуді ұсынып отырмыз»,- деп атап көрсеткен З.Тұрысбеков бұл ұсыныстың үкіметке енгізілгенін жеткізді.
ІІМ-нің ақпаратына сәйкес, 2004-жылы есірткі таратқаны үшін 2626 адам сотталса, олардың әрбір төртіншісі шартты жазаланған, ал әрбір бесінші қылмысты бұрын істі болған адамдар жасаған. 2004-жылы аса ірі көлемде есірткі таратқаны үшін сотталған 316 қылмыскердің біреуі ғана 15 жылға бас бостандығынан айрылған. «Есірткі саудагерлерінің дені орта есеппен үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылады, ал олардың басым бөлігі шартты түрде мерзімінен бұрын босатылады»,- деді министр.
З.Тұрысбековтың пікірінше, есірткі сату дерегінің беті ашылған орындардың қожайындарын жазалау жүйесін де жетілдіру қажет. Тек биылдың өзінде жастардың көңіл көтеретін орындарында есірткі сатуға және оны таратуға қатысты 17 дерек әшкереленген, алайда, осындай бірде-бір орынның қожайынынан лицензиясы қайтарып алынған жоқ, деді министр. «Қазіргі әкімшілік заңнамасының аясында осындай орындардың қожайындарына қатысты ықпалды шара қолдану мүмкін болмай отыр. Осы саладағы құқықтық база жетілдіруді талап етеді»,- деді ол.
Сонымен бірге ҚР ІІМ заңнамаға тәркілеп алынған есірткіні сақтауға қатысты нормалар енгізбекші. Министрдің айтуынша, қазіргі заңда айғақзат ретінде тәркілеп алынған есірткіні қайтадан айналымға енгізуге мүмкіндік беретін «қалтарыстар» бар. ІІМ тәркілеп алына сала есірткіні бірден құртуды, ал айғақзат ретінде үлгілерді ғана қалдыруды ұсынады. «Бұл -есірткіге құқық қорғау органы қызметкерлерінің өздері көз құртын салмауы үшін керек»,- деді министр.
Бұған қоса министрдің хабарлауынша, ҚР бас прокуратурасымен бірлесе отырып, жылдың аяғына дейін тек полиция органдары ғана емес, сонымен бірге ұлттық қауіпсіздік органы мен қаржы полициясының бөлімшелеріндегі есірткінің сақталу жағдайына тексеру жүргізіледі.
З.Тұрысбековтың хабарлауынша, арнаулы жұмыс тобы «нашақорлықпен және есірткі саудасымен күрес жөніндегі 2006-2008-жылдарға арналған бағдарламаның жобасын жасады. Бұл — 2006-2014-жылдарға бағытталған нашақорлықпен және есірткі саудасымен мемлекет тарапынан күрес стратегиясын жүзеге асырудың бірінші кезеңі болып табылады». Бағдарламада барлық мүдделі мекемелердің ісін үйлестіру, есірткіге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жетілдіру, есірткіге тәуелділікке бой алдырғандарды емдеу және сауықтырудың жаңаша әдістемелерін енгізу тәрізді «есірткіге қарсы бағытталған шаралар кешені» қамтылған. Бағдарламаны жүзеге асыруға үш жылға 2,2 млрд. теңге қажет болса, 2006-жылы 700 млн. теңге керек.
ІІМ-нің баяндамасын тыңдаған үкімет басшысы Даниал Ахметов ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрлігіне бұл мәселені осы аптаның аяғына дейін қарап, қажетті қаржыны бөлуді тапсырды. «2006-жылғы бюджетте бұл бағдарламаны іске асыруға қажетті қаржыны қайдан болса да табуымыз қажет»,- деп шегеледі Д.Ахметов. Үкімет басшысы ІІМ-нің есірткіге қатысты қылмыстар үшін жүктелетін жазаны күшейту туралы ұсынысына қолдау білдірді.
ІІМ-нің ақпаратына сәйкес, қазір елімізде нашақорлық дертіне шалдыққан 52 мың науқас ресми тіркеуде тұрса, олардың 60 проценті 30-ға дейінгі жастар, ал 4 мыңнан астамы кәмелеттік жасқа жетпегендер.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті