Жарияланды: 380

Қысқы Универсиада кезінде допинг дауы қайталануы мүмкін

Елімізде 2017 жылғы Қысқы Универсиада қарсаңында допингпен күрес шаралары күшейтіліп жатыр. Өйткені бізде де, әсіресе соңғы жылдары спортта қулық жасайтындар аз емес. Биылдың өзінде осындай 15 заңсыз әрекет тіркеліпті. Ал көрші Ресей тіпті допинг дауының кесірінен жеңіл атлетиканың қысқы және жазғы түрлері бойынша халықаралық жарыстардың барлығынан шеттетіліп отыр. Алдағы жазда өтетін Рио Олимпиадасынан да құр қалуы мүмкін. Бұдан қазақ

спортшылары қандай сабақ алуы тиіс?

Ресей қазір келер жылдың жазында өтетін Рио де Жанейро олимпиадасынан қалыс қалмаудың қамына кіріскен. Өйткені Сочиде өткен Ақ Олимпиаданың қорытындыларына күмән келтірген Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік арнайы тексеріс жүргізіп, көрші елге қатысты қатаң шешім шығарған болатын. Енді мәселенің ақ-қарасы анықталғанша Ресейдің жеңіл атлеттері халықаралық жарыстарға қатыса алмайды.

Дик Паунд, Допингке қарсы Бүкіләлемдік агенттіктің негізін қалаушы:

-Тексеру қорытындысына сай, Ресейді 2016 жылғы ойындардан шеттету туралы ұсыныс жасаймыз. Шешімге түсіністікпен қарап, жағдайды реттеу үшін тиісті шаралар қабылдар деп сенеміз. Сондықтан, Рио Олимпиадасына қатысу үшін Ресей спортына біраз түзетулер енгізу керек.

Жалпы, допингке қарсы тексеріс жүргізу кәсіби спортшылар үшін қалыпты жағдай. Тексеру жұмыстарының 75 пайызы жарыс алдындағы дайындық кезеңінде жасалады екен.

Ернар Өкен, халықаралық турнирдің алтын жүлдегері:

-Салмаққа түсердің алдында дәрігерлер  келіп, қолдан қан алып, кәдімгідей тексереді. Одан жақсы өттім. Жарыс біткен соң, жарыстан кейін де алады допингтті.

Өкініштісі, допинг дауы біздің елді де айналып өтпеді. Былтыр 14 спортшының тыйым салынған дәріні қолданғаны анықталса, 2013 жылы 17 спортшы ұсталған. Биыл да 15 адамға қатаң шара қолданылды.

Майра Бақашева, Допингке қарсы Ұлттық орталықтың директоры:

-Барлық 15 жағдай бойынша тиісті шаралар қабылданды. Негізінен, екі немесе төрт жылға жарыстан шеттетілді. Тіпті, 2014 жылы бір ауыр атлетіміз спорттан біржола кетті. Допингке қарсы шаралар қазір әлем бойынша қарқынды жүруде. Соған сай, біз де өз жұмысымызды күшейтіп жатырмыз.

Алда қысқы Универсиада келе жатыр. Оған қатысатын спортшылардың тексеру, зертхана жұмыстарының барынша сапалы жүргізілуі үшін қыруар жұмыстар атқарылуы керек. Сондықтан, Ресейдің кебін кимес үшін қазір ұлттық допингке қарсы орталық қызу дайындыққа кіріскен. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін