Жарияланды: 430

Қызылордада ойын автоматын ұрлаған үш азамат із суытпай құрықталды

Қызылордада ойын автоматын ұрлаған үш азамат із суытпай құрықталды

Қызылордалық полицейлердің ұйымдасқан жедел әрекеттерінің нәтижесінде 15 минут көлемінде қомақты ақшасы бар ойын автоматын ұрлаған 3 азамат құрықталды. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

22 желтоқсанда сағат 05.35 шамасында жедел басқару орталығының 102 желісіне Тоқмағамбетов көшесі бойында орналасқан дәріханалардың бірінде кезекшілік атқарып отырған күзетшіден хабарлама келіп түседі. Аталған хабарламада дәріхананың кіреберісінде орнатылған ойын автоматы терминалын беттеріне медициналық маска киген бейтаныс үш азамат көтеріп алып кеткендігін, алайда оларды тоқтатуға әрекет жасалғанда тапаншаға ұқсас зат ұстаған үш азаматтың біреуі «айтсаң, өлтіріп кетемін» деп қорқытқандығы көрсетілген.

Аталған хабарлама бойынша, жедел басқару орталығының кезекші инспекторы полиция лейтенанты Тамаша Есілбайқызы Қазыбек би-Тоқмағанбетов көшесінде орналасқан бейнекамералармен аумақты барлау барысында күдікті автокөлікті назарға алып, жол-патрульдік полиция батальонының экипажына бағыт-бағдар береді. Оқиға орнына дереу жеткен экипаж қызметкерлері полиция аға лейтенанты А.Нұртаев, полиция сержанты Ж.Мәмбетжанов және кіші сержант Қ.Ақтілеу санаулы уақыт ішінде Қызылорда қаласының 19 жасар, 20 жасар және 26 жасар үш тұрғынын ұстайды.

Аталған оқиға бойынша үш азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы, 2-бөлігі, 1, 3, 4 тармақшаларымен (қарақшылық) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сезікті азаматтар қалалық ІІБ-нің уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін