Қызылжарда азық-түлік бағасының еселеп қымбаттауы халықтың ашуын туғызды
Қызылжарды қымбатшылық қысып барады. Соңғы бірнеше күнде өңірде сұйық майдың бағасы күрт өскен. Қазір литрі 400 теңгеден саудаланып жатыр. Бұған Өскемендегі май шығаратын зауыттың жабылуы себеп көрінеді. Екіншіден, ресей рублі қымбаттап, ол жақтан келетін азық-түлік бағасы да шарықтаған. Шенеуніктер тұрақтандыру қоры арқылы бағаны ұстауға тырысқандарымен, нәтиже шамалы. |
Отандық сұйық майдың литрі өткен айдың басында ғана 230-240 теңге еді, қазір 320 теңгеден саудаланып жатыр. Қайта бұл шаһар бойынша ең арзаны. Дегенмен мұнда бір адамға екі литрден артық май берілмейді.
-Күніне 4 қорап қана сатамыз. Талап сондай.
Өзге сауда орындарында сұйық майдың литрі 400 теңгеден асады. Бұл тауар өңірге Ресейден әкелінетіндіктен рубль бағамымен бірге май құны да өскен. Оның үстіне Шығыс Қазақстан облысындағы май зауыты қазір шикізаттың жоқтығынан жабылып қалыпты.
-Бір қызығы қымбаттап жатқан отандық тауар ғана. Атқамінерлер әлі де күн сайын бағаларға мониторинг жүргізеді екен. Алайда базардағы бағаларға қарасаңыз, мұның бекер іс екені түсінікті.
Бірақ шенеуніктер қол қусырып отырған жоқ. Қазір олардың лексиконында жаңа сөз тіркесі пайда болған - «тауарлық интервенция». Бюджеттен бөлінген 100 миллион теңгеге атқамінерлер күріш пен қант сатып алыпты. Енді соларды дүкендерге шығарып, нарықтағы бағаны аз да болса ұстауға тырысып жатыр.
Қазына Майтоғаева, сатушы:
-Қоймайды халық тез алып кетеді. Бағасы кішкене төмендеу ғой. Ал басқа жерлерде үлкен баға. Қосып жатыр қазір. Жалақыны қосудың орнына мына азыққа қоса береді.
Қанттың құны да шілдеден бері шарықтап барады. Жаздың басында оның келісі 130-140 теңге еді. Енді 200-ден асқан.
Құралай Жарова, СҚО өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
-Қантты біз орталық қант корпорацясынан аламыз. Ондағылар бағаны өсірген. Біз оған аз ғана үстеме қойып сатамыз.
Шенділер 33 түрлі тауардың құнын ұстауға міндетті екен. Қысып бара жатқан қымбатшылық, әсіресе, қарияларға қиын тиіп тұр.
Серік Мәмбетов, зейнеткер:
-Қай жерде арзан болса алар едім, арзан емес. Зейнетақым неге жетеді, дәріге жете ме, ай сайын өзі 10 мынға дәрі керек. Ал сонда мен ар жағындағы 25 мыңға не аламын. Түк те ала алмаймын.
Жұмыртқа құны да біртіндеп өсіп келеді. Ал балалар сүйсініп жейтін бананның қайтадан экзотикаға айналатын түрі бар. Петропавлда бұл жеміс 95 пайызға қымбаттап, келісі 435 теңгеден саудаланып жатыр.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін