Жарияланды: 2500

С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті 85 жылдығын атап өтіп жатыр

С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті 85 жылдығын атап өтіп жатыр

Алматыда С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті өзінің 85 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. 

«Бұл мерейтой күні бүгінге дейін атқарылған жұмыстар бойынша қорытынды жасауға және болашаққа жоспар құруға мүмкіндік береді. Мерейтойға бағытталған шараға еліміздегі барлық медициналық жоғары оқу орындарының ректорлары, шетелдік әріптестер, біздің түлектеріміз, сондай-ақ Дүниежүзілік медициналық білім беру федерациясының президенті Дэвид Гордон келді», - деді ҚазҰМУ ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Айқан Ақанов.

Өз кезегінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Ержан Біртанов бүгінде  С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің елімізде жетекші медициналық жоғары оқу орындарының бірі екендігін баса айтты. Бұл оқу орны әлемнің 43 елінде 100-ден астам ғылыми орталықтар мен оқу мекемелерімен тығыз байланыс орнатқан.

«Мемлекеттің әл-ауқаты жақсарып, қоғам жаңарған сайын денсаулыққа қатысты әлеуметтік күтім де арта түседі. Қазіргі таңда елімізде 2016-2019 жылдарға арналған жаңа «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы әзірленген. Бұл маңызды құжаттың стратегиялық бағыттарының бірі - медициналық білім мен ғылымды одан әрі жаңғырту. Бұл университет, ірі жоғары оқу орындарының бірі ретінде осы бағдарламаның дамуына өз үлесін қосуы тиіс. Бұл үшін оның материалдық-техникалық базасы, профессор-оқытушылық құрамы, тәжірибесі, кең көлемді халықаралық серіктестігі жеткілікті», - деді вице-министр.

Сонымен қатар, Е. Біртанов денсаулық сақтау жүйесін әрі қарай дамыту бойынша бірлесе атқарылып жатқан жұмыстардың кадрларды даярлаудың жаңа стандарттарын енгізуге және медициналық көмек көрсету деңгейін аттыруға мүмкіндік беретіндігін айтты.    

Айта кетелік, Қазақстанда алғашқы медициналық институт Алматыда 1930 жылы 2-ші желтоқсанда құрылған. Оны алғашқы директоры болып Императорлық Әскери-Медициналық Академияның түлегі Санжар Асфендияров тағайындалған. Алғашқы кезде емдеу факультетінің 10 кафедрасы ашылған. 

Ал бүгінде аталмыш жоғары оқу орнында 62 клиникалық кафедра жұмыс істейді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін