Сенат Бюросы заң жобаларын салалық комитеттерге бөлді
![]() |
Сенат Бюросы Мәжілістен түскен он заң жобасына бас комитеттерді белгіледі. |
Палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Бюро Қаулысына сәйкес, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға түзетулер жобасы, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді және ЕАЭО шеңберінде медициналық бұйымдар (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника) айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді ратификациялау бойынша бас комитет болып белгіленді.
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Қазақстан мен Ресей арасындағы Қазақстандық Балқаш торабын беру шарттары және оны зымыран шабуылы туралы Ресей ескерту жүйесінде одан әрі пайдалану тәртібі туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау мәселесін жүзеге асыратын болады.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті Қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы америкааралық конвенцияны ратификациялау туралы және заңнамаға құқық қорғау органдарының қызметін және құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобалары бойынша Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті бас комитет болып белгіленді.
Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті бірқатар заң жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді. Атап айтқанда, заңнамаға арнайы экономикалық аймақтарды жетілдіру мәселелері бойынша, құрылыстағы баға белгілеу, сәулет-құрылыс бақылауын, сондай-ақ объектілерді пайдалануға қабылдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша түзетулер бойынша жобаларды қолға алады. Одан басқа, комитет заңнамаға жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистиканы және авиатасымалды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша түзетулер жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.
Бас комитеттер Сенат комитеттерінің ұсыныстарын пысықтап, осы заң жобаларын Палата отырысында қарау үшін тиісті қорытынды әзірлейді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін