Сенат Кәсіпкерлік кодексін бірінші оқылымда мақұлдады - kaz.caravan.kz
  • $ 467.58
  • 543.66
+19 °C
Алматы
2026 Жыл
19 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сенат Кәсіпкерлік кодексін бірінші оқылымда мақұлдады

Сенат Кәсіпкерлік кодексін бірінші оқылымда мақұлдады

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Кәсіпкерлік кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 

  • 8 Қазан 2015
  • 581
Фото - Caravan.kz


Кодекс жобасы 7 бөлімнен, 31 тараудан, 324 баптан тұрады. Құжат Қазақстандағы кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз ететін құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктерді айқындайды. Еліміздің кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы жетілдіру, одан әрі дамыту, кәсіпкерлік қарым-қатынастарды құқықтық реттеудегі олқылықтар мен қайшылықтарды жою көзделген. 
Айта кетерлігі, Кәсіпкерлік кодексi жобасы бойынша жұмыс барысында шетелдік тәжірибелер, соның ішінде Францияның, Австрияның, Германияның, Жапонияның коммерциялық, сауда кодекстері, сондай-ақ Украинаның шаруашылық кодексі зерделенген. Сондықтан әзірленген заң жобасы классикалық емес, топтастырылған кодексті білдіреді және ондағы нормалар олардың нысаналы бағыттылығын негізге ала отырып жүйеге келтірілген. Бұл ретте Кәсіпкерлік кодекс жобасы жеке құқық пен нормалар бәсекелестігінің дуализмін туындатпайды және кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасына, оның ішінде мемлекеттік реттеу мен кәсіпкерлікті қолдауға байланысты туындайтын қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуді қарастырады.
Кодекс жобасында 19 қағидат айқындалған, солардың негізінде кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекет өзара әрекет ете алады. Соның ішінде кодекстің дербес бөлімі кәсіпкерлік пен мемлекеттің өзара іс-қимылы мәселелеріне арналып отыр. Атап айтқанда, кәсіпкерлік субъектілерінің норма жасауға қатысуы, кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік тапсырыс, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік, кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі мен кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу, жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары қамтылған.
Тұтастай алғанда, Кәсіпкерлік кодексінің жобасына бизнесті реттейтін функционалды заңнамалар шоғырландырылды. Бұл ретте кәсіпкерліктің салалық түрі бұрынғысынша арнайы заңнамалармен реттелетін болады. Сонымен қатар, кәсіпкерлік пен мемлекеттік субъектілер өзара әрекеттесетін базалық бірыңғай қағидаттар да айқындалды. Соның ішінде біршама қағидаттар алғаш рет қолданылатын болады.
Бұдан бөлек, құжатта мемлекеттің кәсіпкерлікті реттеу формалары мен құралдары жүйелендірілген. Атап айтқанда, экономикалық бәсекелестік, рұқсат беру мен ескертулер, бағаны мемлекеттік реттеу, кәсіпкерлікке мемлекеттік бақылау мен қадағалау шаралары қамтылып отыр.
«Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында Кодекс жобасында түзетулердің үш блогы ұсынылған. Оның біріншісі бағыты монополияға қарсы органның қызметін халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге бағытталады. Атап айтқанда, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің тізілімін жүргізудің кезең-кезеңімен күшін жоюды айқындау ұсынылады», — дейді әділет министрі Берік Имашев. 
Оның айтуынша, Ұлт жоспары аясындағы түзетулердің екінші блогы кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау мақсатында бизнес-омбудсмен институтын нығайтуды көздейді. Осылайша, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметі жетілдіріліп, Мемлекет басшысының Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілді лауазымға төрт жыл мерзімге тағайындау және лауазымынан босату жөніндегі құзыреті белгіленеді. Ал түзетулердің үшінші блогы мониторинг, бағалау, бақылаудың стандартталған және ең төмен рәсімдері шеңберінде нақты нәтижелер бойынша мемлекеттік басқаруға көшуге, статистика жөніндегі уәкілетті органның қызметін жетілдіруге бағытталады.