Шетелден жұмыс күшін тартудың жаңа тәртібі Қазақстанда 2017 жылдан бастап іске қосылады
![]() |
Шетелден жұмыс күшін тартудың жаңа тәртібі 2017 жылдан бастап іске қосылады. |
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова осылай мәлім етті.
Еске салайық, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлданған болатын.
Құжатта шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері де реттеледі. Бұл мақсатта жоғары білікті шетелдік мамандардың еркін нарығын құру жолымен көші-қон үдерістерін ұтымды реттеу көзделеді.
«Біріншіден, шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы халықтың экономикалық белсенді санынан емес, сала бойынша қалыптастырылатын болады. Нәтижесінде қай салаға, қандай білікті шетелдік мамандардың тартылғанын біліп отырамыз. Сосын жұмыс берушілерге рұқсаттама беру жүйесі түбегейлі қайта қаралады. Бұл ретте рұқсаттама берілгені үшін бюджетке алымдар жиналатын болады, ол жұмысшылардың санаты мен саласына байланысты анықталады. Мәселен, елімізге тартылған шетелдік жұмысшының біліктілігі төмен болса, оған салынатын алым да жоғары болады», - деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.
Оның айтуынша, Қазақстанға мамандығы бойынша өз бетінше жұмысқа орналасуға келген жоғары білікті шетелдік мамандар үш ай мерзімі ішінде экономиканың басымдық берілген саласында талап етілген мамандар тізбесі бойынша жұмыс орындарына біліктілігінің сәйкестілігі туралы анықтамасы негізінде орналаса алады. Бұл санаттағы мамандар білімін, жұмыс өтілін, іс тәжірибесін және өзге де біліктілігін растайтын параметрлерді бағалайтын балдық жүйеден өтетін болады.
«Тұтастай алғанда шетелдік жұмыс күшін тарту, өз бетінше жұмысқа орналасу мен ішкі корпоративтік ауысу тәртібін өзгерту нормалары 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылатыны күтіледі», - деді министр.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін