Глубокое кентіндегі орталық аурухананың небәрі бір жарым жыл бұрын қолданысқа берілгеніне сену қиын. Қоныс тойынан соң ақ халаттылардың қуанышы су сепкендей басылды. Іргетасы ыдырап, сылағы түсе бастаған. Кейіннен қабырғалары қарыс-қарыс болып ашылып кетіпті.
Сергей Фоминых, Глубокое ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары :
-Жұмысқа шығып қабырғалардың қақ бөлінгенін байқадық. Дереу құзырлы орындарға хабар беріп, хат жібердік. Ғимараттың қабырғалары күн санап ажырай бастады…
Бұл аурухананы тұрғызуға 2 жыл уақыт кетіпті. Бұрынғысы апаттық жағдайға түсіп, бұзылып тасталған. Сондықтан жаңасы ашылғанға дейін науқастарды әкімдік пен мектеп ғимаратында қабылдауға тура келген еді. Республикалық бюджеттен 1 миллиард 800 млн теңге бөлінген нысанды салу кезінде 2 мердігер ауысқан. Сол шала атқарылған жұмыстың кесірінен, қазір ауруханының іші астаң-кестең.
Жұмысшылар сөгілген іргетасты бекітіп, арсиған қабырғаларды қайта сыламақшы. Ал бұл уақытта дәрігерлер аурухананың екінші жартысында науқастарды қысыла-қымтырыла қабылдап жатыр.
Қуат Құсайынов, Глубокое ауруханасының дәрігері:
-Хирург, травмотолог, ФГС соның бәрі бір кабинетте қабылдаймыз. Науқастарға да қиын болды кішкене. Кейбір науқастар әйел адам, ер адам болады. Солардың бәрін бір кабинетте қабылдауға тура келеді.
Аурухананы тұрғызған компания банкрот болса, басшысы қашып кеткен. Сондықтан жөндеуге қажетті 200 млн. теңге жергілікті бюджеттен бөлініп отыр. Құрылыс жұмысы ақпан айында аяқталуы тиіс.