Оқиға демалыс күндері орын алған. Зыряновск АІІБ бастығының орынбасары Р. Надыровтың тергеу нұсқасы бойынша, жасөспірім достарымен бірге трансформаторлық торап орналасқан алаңқайда ойнап жүрген. Ол арнайы бетонды шарбақпен қоршалған, ескерту белгісі де орнатылған. Алайда балалар оны қауіпті деп ойламаған. 13 жастағы бала торапқа мініп, одан секірмекші болады. Сөйтіп байқаусызда жақын тұрған сымды ұстап қалып, оны тоқ ұрады. Жолдастары көмекке ұмтылады. Оқиға орнына жедел жәрдем келгенде, ол әлі де тірі болды, дегенмен денесін қатты күйік шалған еді.
Аудандық орталық ауруханадағы травмотологиялық бөлімше меңгерушісінің міндетін атқарушы Серік Меңлібай баланы аман алып қалу мүмкін болмағанын айтты.
«Баланы ауруханаға әкелгенде ол тірі болды, алайда бірнеше сағаттан кейін қайтыс болды. Оның денесінің 90 пайызын күйік шалған», — деді ол.
Зыряновск АІІБ ювенальдық тобының мектеп инспекторы Ж. Қасымжанова жасөспірім атасы мен әжесінің тәрбиесінде болғанын айтты. Ол өте ашық, белсенді болған, түрлі спорттық сайыстарға қатысқан.
Р. Надыров хабарлағандай, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу шаралары жүріп жатыр.