— Батырхан қайда, шақырмайсыңдар ма? Пара алғанды білесіңдер, есіктің артына тыққанды білесіңдер, халықтан қорықпайсыңдар ма? Олар Құдайдан қорықпайды ма?
Батырханнан бөлек жұрт тағы үш адамның атын атап, түсін түстеп бере алады. Айтуларынша, осы төрт полицейдің қазір ауданда әмірі жүріп тұр. Олар әлсізге әлімжеттік көрсетіп, ауқаттылардың ақшасына көз салатын көрінеді.
Бес ауылдың тұрғындары осы азаматтардан жәбір көретіндерін айтуда. Алтынбек Базарбаев жалғыз ұлын екі жылдан бері тәртіп сақшыларынан қорғаштап келемін дейді. Айтуынша, аш бөріше азуын көрсеткен қызыл жағалылар оның кенжесін көкала қойдай етіп сабап тастапты.
Алтынбек Базарбаев, Шу ауданының тұрғыны:
— Серік, Жәнібек деген баланың үйіне, есірткі зат тастап, соны ұстап бересің, куәгер боласың деген. Менің балам, қарсы болған. Сол үшін, басынан балон кілтпен ұрып, балам ауру боп міне тұр.
Қызыл кеңірдек болып жатқан мына келіншек те погон таққандардан күйеуін қорғап әлек. Ол да ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес өкілдерін айыптауда. Сөзіне сенсек, жолдасының қалтасына есіріткі салып, тіпті мойныңа алмасаң кісі өлімін ілеміз деп бейітке апарып азаптапты.
Жадыра Арыстанқұлова, Шу ауданының тұрғыны:
— Кірген кезде, мына жерде Батырхан отырды. Жолдасым отырды, қолында кісен. Сосын спецназ отырды. Сол кезде маған, Жадыра 500 мың туып әкелмесең, үйге анаша тастайды деді. Келдік, бердік ақшасын, не істеймін мен енді.
Ал полицейлер Серік Атаевты нағыз қылмыскердің өзі, тіпті бұған дейін де заңсыз қару сақтағаны үшін жауапқа тартылған деп отыр. Наразылық шарасы да осы бір ғана адамның мүддесін қорғау мақсатында ұйымдастырылған деп салды.
Әлім Бажықов, Жамбыл облыстық ІІД ҰҚҚК басқарма бастығының орынбасары:
— Жұрт жала жауып жатыр. Өйткені біздің жігіттер, Шудағы қылмыскерлердің көбісін түрмеге отырғызған. Олар бізге де кезек келіп қала ма деп алдын-алып жатқан түрлері.
— Машинаға анаша салмасын, шуда тұрғанымыз үшін кінәліміміз бе? Онда атамекенімізді тастап көшіп кетейік бәріміз!
Наразылық шарасы бір сағатқа созылды. Алайда, құзыретін асыра пайдаланды деген қызыл жағалылармен сол күйі жүздесу мүмкін болмады. Ал аудандық прокурор шу шығарған жұртты сабырға шақырып, оларды ертең біртіндеп қабылдауға уәде берді.