Солтүстікте қатерлі сырқатқа шалдыққандарға дәрі жетпей жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 475.03
  • 517.21
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
12 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Солтүстікте қатерлі сырқатқа шалдыққандарға дәрі жетпей жатыр

Солтүстікте қатерлі сырқатқа шалдыққандарға дәрі жетпей жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында диспансерлік есепте тұрғандарға дәрі жетпей жатыр. Сондықтан тегін берілуі тиіс препараттарды науқастар өз ақшаларына сатып алуға мәжбүр. Әсіресе, қан қысымын қалпына келтіретін, жүрек ауруы, демікпе сынды дерттерге қарсы дәрі жоқ. Мамандар мұны диспансерлік есепте тұрғандар санының артқанымен деп түсіндірді.

  • 22 Қазан 2015
  • 279
Фото - Caravan.kz

Петропавлдық Валентина Мищенко – екінші топтағы мүгедек. 40 жыл ұстаз болған жанның қан қысымы жиі көтеріледі. Үш айдан бері тегін дәрі ала алмай отырған ол бүгін басы қатты ауырған соң көршісіне келіпті.  Мәриям апайда да нақты сол дәрі біткен екен. Құрбысына арзан түрін ұсынды.

Мәриям Шарафединова, зейнеткер:

-Арзанын алып жатырмын енді. Арзан, менің өзіме жарайтын. Ақшам қаншаға жетеді сонша. 

Елімізде тегін дәрі-дәрмекпен 37 түрлі ауру бойынша диспансерлік есепте тұрғандар қамтылады. Бірақ бұл көмекті толыққанды деуге болмайды.

-Сырқат жандардың айтуынша, қаңтар, ақпан айларында «тендер әлі өткен жоқ» деген сылтаумен тегін дәрі берілмейді екен. Наурыздың басында ғана таратыла бастайтын препараттар биыл қыркүйекке жетпей- ақ  таусылып қалған.   

Бұл мақсатқа биыл облыстық бюджеттен бөлінген 1 миллиард 300 миллион теңге жаздың аяғында-ақ игеріліпті. Ал қосымша қаражаттың қашан бөлінетіні беймәлім.


Инна Нығметова, СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

-Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қосымша қаражат бөлу туралы өтініш берген. Мұны енді мәслихаттың кезекті сессиясында депутаттар мақұлдаса, ақша бөлінетін болады.

Алайда Мәслихат қарағанымен, қажетті соманы толық бөлмеуі де мүмкін. Оның үстіне бұл шешім құжат жүзінде ресми тіркеліп, ақша бөлінгенше жаңа жылдың да жетіп қалары хақ. Ал оған дейін диспансерлік есепте тұрғандардың «шықпа, жаным, шықпа» деуден өзге амалдары жоқ.