Су-24-тің аман қалған ұшқышын Сирия әскерилері алып кеткен
![]() |
Түркия атып түсірген Ресейдің Су-24 бомбалаушы ұшағының тірі қалған ұшқышын Сирия әскерилері алып кетті деп хабарлады Ливанның Ai Mayadeen (“Әл-Маядин”) телеарнасы. |
Телеарна ақпаратына қарағанда, ұшқышты іздеу жұмысы алты сағатқа созылып, одан соң сириялық әскерилер ұшқышты көтерілісшілер бақылайтын аумақтан шығарып әкеткен. Кейін ұшқыш ұшақпен Латакиядағы Хмеймим базасына жеткізілген.
Кеше Ресей Қорғаныс министрлігі Су-24 ұшағының екінші ұшқышы қаза тапқанын растаған. Министрлік мәліметінше, катапультамен парашют арқылы жерге түсіп келе жатқан ұшқышқа жерден оқ атқан. Кейін Су-24 ұшағын іздеу, құтқару жұмыстарына шыққан Ми-8 әскери тікұшағы да атып түсіріліп, ресейлік бір теңіз жаяу әскері мерт болған.
Су-24 ұшағын Түркияның F-16 жойғыш ұшағы 24 қарашада Сириямен шекарада атып түсірген. Түркия әскерилері ұшақ елдің әуе кеңістігін бірнеше рет бұзды және ескертулерді елемеді дейді. Ресей билігі Су-24 Сирияның әуе кеңістігінде болған дейді.
НАТО елдерінің елшілері Брюссельде өткен төтенше жиында Түркияны ұстамдылық танытуға шақырды. Reuters-тің ақпаратына қарағанда, НАТО-ға мүше 28 елдің бір де бірі Ресейдің әрекетін қолдамаған. Бірақ альянсқа мүше елдердің көпшілігі Түркияның ресейлік ұшақты шекарадан шығарып жібермегеніне алаңдаушылық білдірген.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін