Жарияланды: 370

Таразда анасынан таяқ жеп аты шыққан ұл үйіне оралды

Таразда анасынан оңбай таяқ жеген 7 жасар Серік Басманов үйіне оралды. Екі жарым айдан бері бейімдеу орталығында жатқан жеткіншек өзінің енді сонда жәбір көргенін айтады. Әлімжеттік өз алдына, тәрбиешілер де жылы қабақ тантыпады деп отыр.

Қатігез ананың кесірінен Серік Басманов бейімдеу орталығынан бір-ақ шыққан. Екінші сынып оқушысы бұл жерге тез үйрене қойған жоқ. Өзін үйіне жіберуді талап етіп, талай мәрте қиғылық салыпты. Алайда қамқорлық кеңесі шешімді өзгертпей қойған. Ал енді барлық қиындық артта қалды. Ана мен бала екі жарым айдан соң қайта қауышты.    

Серік Басманов:

-Үлкендер тиісіп, жиі-жиі қол жұмсайтын. Тәрбиешілердің де кейбірі жақтырмады. Ұрыса береді. Үйге қайта оралғаныма, анамның қасына келгеніме қатты қуаныштымын. Енді шешемнен ажырамаймын.

Фатима Басманова да істеген ісіне қатты өкініп жүр. Перзентін таяқпен тәртіпке салу тәсілін енді мүлдем қолданбаймын деп отыр. Жалпақ жұртқа қатыгез қырынан танылған келіншек, өмірімнің бір-ақ күнде осылайша астаң-кестеңі шығатыны үш ұйықтасам түсіме кірмеген дейді.

Фатима Басманова, Серіктің анасы:

-Комиссия баламды алуға рұқсат бергенде төбем көкке жетті десем болады.  Бұл маған үлкен сабақ болды. Шынымды айтсам қатты қиналып кеттім. Енді бәрі қорқынышты түстей ұмытылсын. Бастысы, балам қасымда.

Өлімші етіп сабалған 7 жастағы баланың бейнежазбасы әлеуметік желіні шулатып, жұрттың жағасын ұстатқан. Тәнінің сау жері жоқ Серікті анасының ұрғаны анықталды. Сөйтіп, 42 жастағы әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалып, бүлдіршін комииссия ұйғарымымен тергеу ісі аяқталғанша бейімдеу орталығына өткізілген болатын.

Бесіктен белі шықпай жатып басы үлкен дауға іліккен баланың шытырман оқиғасы осымен тәмәм. Дегенмен оның анасына қуануға әлі ерте секілді. Себебі, оның ісі сотта қаралуы тиіс. Егер кінәлі деп табылса, көп мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін.  Алайда жалғыз басты келіншектің оны төлеуге шамасы жоқ. Баласын даулаймын деп жүріп жұмыстан босап қалыпты.     

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін