Жарияланды: 320

Таразда тілсіз жаудың кесірінен 30 адам тентіреп қалды

Таразда тілсіз жаудың кесірінен алты отбасы далада тентіреп қалды. Жалын ескі үйді әп-сәтте күлге айналдырған. Адамдардың өздері өршіген өрттен әзер аман қалыпты. Қазір, жапа шеккендер шығармашылық үйірмелердің ғимаратына орналастырылған.

От жапсарлас үйдің шатырынан тұтаныпты. Лезде күш алған жалын 6 пәтердің төбесін түгел шарпыған. Түнде тоқтаусыз жауған жаңбырдың өзі тілсіз жаудың бетін қайтара алмады. 30 ға жуық адам күнелткен баспана қас-қағым сәтте күлге айналған. Қираған үйлер енді қайта тұрғызуға жарамсыз.

Саламат Қадырова, Тараз қаласының тұрғыны:

- Жарамды ешқандай зат жоқ, балаларымның киіміне дейін. Төрт баламмен қайда барамын енді.

Тұрғындар тек құжаттарын алып үлгерген. Өздері жалынмен әбден алысыпты. Бірақ, алау ырыққа көнбей, одан әрі ушықса керек. Төтенше жағдай қызметі де келіп болмады дейді ашынған жұрт.

-Тілсіз жау кеңес үкіметі кезінен қалған каркас үйдің түгін қалдырмады. Тұрмыстық техника мен жиһаздардың бәрі жанып кеткен. Тұрғындардың өздері өрттен әзер дегенде аман қалыпты. Қазір сол алты отбасы күздің қара суығында далада тентіреп жүр.

Тойдық Мырзабаева, Тараз қаласының тұрғыны

-Білмеймін қайда баратынымызды.Туған туыс бар, олар қумады, барасың, барғанда: қашанға біреудің үйінде жатасың. Бәрібір өзімізге баспана керек. Енді азғантай көмегін берсе, қыс келе жатыр.

4 отбасы туған-туыстарын паналап кетті. Өзгелерін әкімдік шығармашылық орталыққа орналастырып, ас-суын беріп отыр.

Әлім Жусанбаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

-Қазір комиссияны жинадым, құр қол қарап жатпаймыз. Сырт жақтан көмек беремін деушілер бар. Солармен ақылдаса отырып, тағы да көмек береміз. Демеушілерді ертеңге жинап отырмын, өздерінің ұсыныстарымен шығып отыр.

Әзірге жапа шеккендерге тек 100 мың теңге жәрдем берілген. Өзгесі әзірге беймәлім. Ал, өрт электр сымдарының тұйықталуынан тұтанған екен.    

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін