Таразда жұрт шошқа фермасын дереу жабуды талап етті
Таразда бір топ тұрғын ең сасық жерде тұрып жатқандарын айтып шағымданды. Мұқым елді жағымсыз иіске тұншықтырған екі бірдей шошқа фермасы екен. Мұндағы санитарлық талаптың өрескел бұзылғанын айтқан бұқара доңыз өсіретін қора-қопсыны қашыққа көшіруді талап етіп отыр. Алайда шаруа иесі тұрғындардың тілегін орындауға құлықсыз. |
Мұндағы тұрғындар бір емес, екі бірдей шошқа фермасының басшысымен 8 жылдан бері қырық пышақ. Айтуларынша, доңыздардың нәжісі мына шұңқырға төгілгенімен, ол жерді мүлдем тазартпайтын көрінеді. Бірінің үстіне бірі жиналған тезектің иісінен тыныс алу тіптен мүмкін емес.
Қойсын Палжерова, Тараз қалысының тұрғыны:
-Балалардың денелері жара басып кетті. Фазендалар, шошқа бағады ма, сиыр бағады ма, әрбір фазенда халық отыратын жерден бес шақырым әріде болу керек дейді. Ал, оны айтсақ түсінбейді, көшпейді
Талғамы жоқ талпақ танаудың қоректенетін ауқатының өзі төңіректі ылаңдап жатыр. Не болса соны жейтін хайуанның азығы мына секілді ашық қораға шашылған. Мұндайға шыбын-шіркей мен ит құстың үйір болатыны айтпаса да түсінікті.
Бауыржан Мұсаев, Тараз қаласының тұрғыны:
-Бұл сасыған үстіне сасиды, неше тұрлі шыбын-шіркей келеді, тасығыштар. Сосын іштегі халық не істейді?.Басқа не болады, әне елдің алды құсып жатыр.
Ал бір қорада 150 шошқа баққан кәсіпкер жұрттың нарызылығына пысқырған да жоқ. Айтуынша, көрші-қолаңдары оның байлығын көре алмай, шу шығарған. Санитарлық талаптың бұзылғаны да бекер деп бет бақтырар емес. Осылай деп бұлқан-талқан болған ол ақыры тәубесіне түсті.
Владимир Елюков, кәсіпкер:
-Өз мәселемді өзім шешемін. Бір аптаның ішінде бұл жердің бәрін ретке келтіремін. Төңіректі қазірдің өзінде жинастырып жатырмын. Ал жағымсыз иіс тек менің фермамнан шығып жатқан жоқ. Мына көршілердің өздері мал ұстайды, соның иістері тарап жатқан.
Ауыл ішіндегі ферма жұрттың жүйкесін жұқартып біткен. Кәсіпкердің енді қора-қопсының төңірегін таза ұстаймын дегеніне бұқараның сенгісі жоқ. Сондықтан қос шошқа фермасын қашыққа көшіруді сұрап отыр. Алайда қарашаның талап-тілегі жуық арада орындалмайтын тәрізді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін