Таразда зиратты қиратып, металын ұрлаған вандалдар ұстатпай жүр
Таразда вандалдар қабірдегі қоршаулардың түгін қалдырмай тонап жатыр. Құныққандары сонша, моладағы ескерткіштерді қиратып астындағы шойын металды тасып әкетуде. Соңғы бір аптада 12 ұры қолға түсіп тәртіп сақшыларына тапсырылған. Сонда да қарақшылардың беті қайтатын түрі жоқ. Ал, вандалдармен күресіп ығыры шыққан зират күзетшілері полицейлерден көмек сұрап отыр. |
Жалпы көлемі 140 гектар аумақты алып жатқан зиратты қорғау қиындық туғызуда. 200 мың қабірді күтіп ұстау мен күзету бас аяғы 35 адамға жүктелген. Олар күндіз-түні кірпік ілмей торығанымен, әккі қарақшылар бәрібір айласын асыруда.
Тек түнде ғана жорытатын ұрылар енді тапа-тал түсте тонап, басынып барады. Үш күн бұрын зираттың күтіміне жауапты мекеме басшысының өзі қарақшылардың үстінен түскен. Жеті қабірдің қоршауын көліктеріне тиеп үлгергендер қашып құтыла алмаған.
Құдайдың құтты күні вандалдар ұсталып жатады. Олар шығын көлеміне қарай айыппұл төлейді немесе қоғамдық жұмысқа жегіледі. Жаза тым жеңіл болғандықтан олар ұрлыққа қайта баратын көрінеді. Осы зиратқа 40 жылдан бері қызмет көрсететін Қадірхан Абдуллаев әруақты қорлағандармен күресіп шаршадым деп отыр.
Қадірхан Абдуллаев, жерлеу рәсімін ұйымдастыру мекемесінің директоры
-Бізге керек болып тұрғаны бұны кім қабылдайтындар, қабылдау пункті дейміз де солар. Қай жерге бұлар өткізіп жатыр, кімдер жіберіп жатыр бұларды?
Таразда метал қабылдайтын орындар жетіп артылады. Кәсіп иелері темір-терсектің қайдан келгенін тексеріп бас қатырмайды. Біздің түсіру тобы қабірден шыққан 80 келі шойынды өткізіп жатқандардың үстінен түсті. Бұл олжаны бар болғаны мың жарым теңгеге бағалаған.
Мұндай арсыздыққа көбіне нашақорлар мен ішімдікке салынғандар барады. Зираттың күзетшілері олармен күресуге дәрменсіз екенін мойындап отыр. Сондықтан тәртіп сақшыларынан көмек сұрауда.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін