«Көлік және коммуникация министрлігі мүдделі органдармен бірлесе отырып теміржол көлігі саласындағы проблемаларды шешудің негізгі варианттарының бірі ретінде тарифтерді жыл сайын 15 пайызға дейін көтеруді қарастырады, бұл саланың инвестициялық қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді»,- деді С. Ахметов.
«Тек тарифтерді арттыру есебінен салаға 550 миллиардқа жуық теңге тартылады»,- деп атап көрсетті ол.
Сонымен қатар бұл «саланың негізгі жабдықтарының 70 пайызға дейін жететін тозу деңгейін қысқартуға мүмкіндік береді».
Министрдің айтуынша, «теміржол көлігі саласын дамыту перспективасы жүктерді тасымалдау көлемі жылына 10 пайызға дейін өсетіндігін көрсетіп отыр». Дегенмен осы жоспарларды жүзеге асыруға кедергі келтіретін бірқатар проблемалар бар. Олардың бірі — тарифтер деңгейінің төмендігі», деді алқа мәжілісінде С. Ахметов.
«Қазақстанның теміржол көлігі саласының тарифтері көрші мемлекеттермен салыстырғанда екі есе және одан да көп төмен. Бұл ретте қазіргі теміржол көлігінің тарифтері инвестициялық құрамдауыштарды ескермейді және негізгі қорларды жаңартуға ықпал ете алмайды»,- деді Серік Ахметов.
«Тасымалданатын барлық жүктердің жартысынан астамын құрайтын көмір, кен, ауыл шаруашылығы тауарлары сияқты жүк түрлері тарифтерінің шығындылығы сақталып отыр», — деп атап көрсетті министр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті