Жарияланды: 700

Үш буынды сот жүйесіне көшуге бағытталған заң қабылданды - Парламент

Үш буынды сот жүйесіне көшуге бағытталған заң қабылданды - Парламент

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістерді талқылап, бұған келісімін берді.

Еске сала кетейік, аталған заң жобасы негізінен кейбір заңнамалық актілерді Азаматтық процестік кодекс жобасына сәйкестендіруге бағытталады. Сонымен қатар, сенаторлар құжатқа Елбасының бес институттық реформасындағы «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізген еді. Атап айтқанда, Ұлт жоспарын жүзеге асыруда Мемлекет басшысы қолданыстағы заңнамаға үш буынды сот жүйесіне көшуді көрсеткен болатын.

Бұл ретте заң жобасына Ұлт жоспарын орындау үшін үш сатылы жүйенің құрылу жағдайындағы қылмыстық істерді қараудың процестік тәртібін қарастыратын 16-қадам, барлық сот процестерін бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізуді көздейтін 20-қадам, алқа билер соты қолданылатын салаларды кеңейтумен және заңды түрде алқа билер соты міндетті түрде қарастырылатын істердің санаттарын анықтауға қатысты 21-қадам енгізіліп отыр. Сонымен қатар, Ұлт жоспарының 22-қадамында адамның және азаматтардың конституциялық құқын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттікті тергеу судьясына біртіндеп беруді қамтамасыз ету арқылы сотта айыпталушы және қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету туралы жүктелген болатын. Осыған орай, заң жобасында аталған өзгерістер мен толықтырулар қарастырылып отыр.

Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары Сенат енгізген өзгерістерге келісім беріп, құжатты қабылдау туралы шешім қабылдады. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін