Жарияланды: 530

Валюталық бағам нарығын тұрақтандыруға қысқа мерзімді перспективада қол жеткізуге болады - Қ. Келімбетов

Валюталық бағам нарығын тұрақтандыруға қысқа мерзімді перспективада қол жеткізуге болады - Қ. Келімбетов

Валюталық бағам нарығын тұрақтандыруға қысқа мерзімді перспективада қол жеткізуге болады.

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ұлттық Банкі Төрағасы Қайрат Келімбетов осылай мәлімдеді. 

Еске салайық, жалпы отырыста депутаттар «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» заң жобасын талқылаған болатын.

Жиын барысында депутат Жұматай Әлиев еліміздің долларсыздандыру мәселесін көтерген болатын. Бұл ретте депутат талқыланып отырған құжат долларға тәуелділікті одан сайын арттырып жібермей ме, деген қаупін алға тартты. «Инвесторлар осы заң жобасын қабылдағаннан соң елге келуі күтіледі. Бәлкім олар теңгені сатып алуға ынталанып, ұлттық валютаны күшейтерміз? Бізді осы мәселе толғандырады, долларсыздандыруға бұл заң жобасы қалай әсер етеді?» - деп сұрады депутат Ж. Әлиев.

Өз кезегінде Ұлттық Банк басшысы ағымдағы жағдайға заң жобасының әсері туралы пікірімен бөлісе келе, бұл құжат елімізге кемінде 50 жыл қызмет ететінін алға тартты. «Бүгінгі қиындықтар айларға, бәлкім жылдарға жалғасуы мүмкін, бірақ 50 жылға созылмайды. Әлемдік  экономика бірде төмен құлдырап, бірде жоғары секіріп тұратын циклға ие. Біз 1991 жылдан бері әлемдік экономиканың бөлшегіне айналдық, жаһандық ойын тәртібінің арасында жүрміз. Бұған дейінгі он жыл ішінде АҚШ доллары «бәсеңдеп» ол бәрімізге жағымды болды, ал енді «қымбат доллар дәуіріне» кезіккеніміз туралы айтылып жатыр», - деп түсіндірді Бас банкир.

Бұл ретте Қайрат Келімбетов әлем бойынша барлық валюта долларға қарсы әлсіздік танытып отырғанынан мысалдар келтірді. Мәселен, оның айтуынша, ресей рублінен бастап, Австралия, Канада доллары да АҚШ валютасына қарсы құбылды, Норвегияның кроносы да теңселген. «Мызғымас резервтік валюта» ретінде айтылып жүрген қытай юаны да  девальвацияға ұшырады.

«Сондықтан да, бүгінгі ахуалдың өзі долларға тәуелділік элементін көрсетеді. Біздің экономика да солай, біз мұнай сатамыз, ал ол доллармен байланысты. Осыған орай біз валюталық бағам нарығын тұрақтандырумен айналысып жатырмыз. Сонымен қатар, біз бұған қысқа мерзімді перспективада қол жеткізуге болады деп санаймыз», - деді ҰБ басшысы.

«Ешкім де мұнайға бағаның ертең қандай болатынын айта алмайды. Ал мұнайға баға 60-70-80 доллар болып өссе, онда теңге де нығаяды. Керісінше, мұнай бағасы төмендесе онда қолдан келер қайран жоқ, бәріміз әлемде орын алып жатқан жағдайға сай өмір сүретін боламыз. Дегенмен, бұл - қысқамерзімдік проблема», - деді Қ. Келімбетов.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін