Жарияланды: 280

Жамбыл облысында шопан шатақ шығарды

Жамбыл облысында шопан бруцеллез малдың базарда сатылғанын айтып, жұрттың жағасын ұстатты. Меркі ауданындағы ең ірі серіктестіктің қойшысы Сәкен Мәутенов отардағы 330-ға жуық қойдың сарп ауруын жұқтырғанын жеткізді. Ветеринарлар дертке шалдыққан Шопан ата тұқымдарын жоюдың орнына, елге сатқан көрінеді. Дегенмен мал дәрігерлері бұл қойшының сандырағы деп отыр.

Сәкен Мәутенов «Жылыбұлақ-Меркі» серіктестігінің қойшысы болған. Шопан өзін мал дәрігері тақырға отырғызды дейді. Айтуынша, тексеріс жүргізген маман отардың жартысынан көбінен бруцеллез анықтаған. Сөйтіп, 330-ға жуық ауру малдың көзін жоямын деп әкетіпті. Ал кейіннен сол тәркіленген Шопан ата тұқымдары Мәутеновтың мойнына артылған.

Сәкен Мәутенов, Меркі ауданының тұрғыны:

- Бұл кісілер сотқа берді 326 қой, сосын Керімбаев Болат 111 бас қойын алып кеткен менен. Алматыда қызым үй салып жатыр деп. Сонымен 450 бас болып тұр. Сол 450 баспен мені сотқа береді.

Қойшының сөзінше, сарп ауруына шалдыққан ұсақ мал серіктестік жұмысшыларына жалақы есебіне таратылып кеткен. Тіпті дертті жұқтырған қойлардың базарда саудаға түсіп жатқанын көріп аң-таң болыпты. Ал ауру малды таңбасынан жазбай таныса керек. 

Сәкен Мәутенов, Меркі ауданының тұрғыны:

- Ол жаңағы өртелді Беккерей шұңқырына көмілді деген қой, сол базарда тұр. Оны да дәлелдеп бердік . Оның дискісін сотқа да көрсеттік, әкімдіктен келген мал дәрігері де оған жауап бере алмай қалды.

Ал мал дәрігерінің айтуынша, шопан ұжымшардың 450 бас қойын талан-таражға салған. Енді жазадан құтылу үшін қулыққа көшкен дейді ол. Отардың тең жарымынан бруцеллез шықты дегені де бекер екен. Тек, 48 қойдан сарп ауруы анықталыпты. Әрі сол үшін мемлекеттен өтемақы төленген. Дауға себеп болған да осы дейді ветеринар. Бөлінген қаржыны шопан қалтасына басыпты.   

Нәріпбай Батырбеков, «Жылыбұлақ-Меркі» ЖШС мал дәрігері:

- Бұл кісінің айтуы бойынша, 326 бас қойдан бруцеллез анықталған екен? -Жоқ, ондай жоқ, 48 бас анықталды. Оны бөліп алып шықтық. 

Ал, айлықа таратылған 180 бас ше? Ол ішкі шаруашылық шығындары.

Мәутенов 48 қойға берілген өтемақыны мал дәргерімен бөліскенін айтады. Жеме-жемге келгенде оны мойындаудан бас тартты дейді. Әзірге бұл даудың немен аяқталары беймәлім. Егер базарда бруцеллез малдың сатылғаны расталса, біраз шенеуніктің атынан ауып қалары анық. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін