Жолдаудан кейін Назарбаев облыс әкімдерін кабинетіне шақыртты
Президент Тәуелсіздік сарайынан шыққан соң әкімдермен кездесіп, әрқайсына нақты тапсырмалар берді. Елбасы ең алдымен аймақ басшыларына жаңа жұмыс орындарын ашуды және құрылысқа жеке инвесторларды тартуды тапсырды. Ал, қазына қаржысын барынша үнемдеу керек. Президент тіпті Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлау үшін бюджеттің ақшасын ысырап қылуға тыйым салды. Ал Астана жолдауда айтылған тапсырмалар бойынша бүгіннен іске кірісіп кетті. |
Президент жолдаудан кейін облыс, Астана мен Алматы қаласының әкімдерін түгел жинап, жеке-жеке тапсырма берді. Елбасы енді аймақ басшыларының жұмысы да жаңа талапқа сай бағалайтынын айтты. Бұдан былай әкімдер мектеп, аурухана, балабақша сынды әлеуметтік нысандардың құрылысына міндетті түрде жеке инвесторларды тартуы тиіс. Және жұртты жаңа жұмыс орнымен қамтуы қажет.
Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстан Республикасының президенті:
-Ең негізгі мәселе халықтың риза болатыны ол – жұмыс орны. Микрокредит беріп жатырмыз ғой. «Бизнес-2020 «беріп жатармыз ғой. Солардың барлығын ұқсатып, жұмыс істеп жүрген жерге шақырып, міне, микрокредитті ал да жұмысыңды істе десең, ол жұмыс істейді.
Ал, Астана бір күн де күтпеді. Елордада бүгін сауытты көлік шығаратын зауыт іске қосылып, 150 адамға жұмыс орны ашылды. Жылына 120 бронды машина құрастыратын кәсіпорынды Елбасының өзі келіп көрді.
Жолдауда айтылған сын-ескертулер қалғып-мүлгіп жүрген министрлерді де бір сілкіп алды. Ауыл шаруашылығы министрі ең алдымен бюджет пен банк арасындағы делдал болудан әрі аса алмай келген «Қазагроны» ретке келтіремін деп білек сыбанып отыр.
Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- «ҚазАгроға» қатысты айтылған сын бойынша жұмыс істейміз. Жақында жаңа жоспарымызды көрсетеміз. Кейбір мемлекеттік компаниялар жекешелендіріледі. Егер холдингтің де қажеттілігі болмаса, қаржы институттары министрліктің қарамағында жұмыс істей береді.
Бүгін Елбасының өзі алғаш рет жариялаған кәсіби-техникалық мамандықтар бойынша тегін білім беру бағдарламасына дайындық келесі жылы басталады екен. Білім министрі жаңа жылдан бастап мемлекеттік тапсырысты арттырмақ .
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:
-30 мың түлектерді колледждерге алуымыз керек. Соларға бірінші техникалық білім беруіміз керек. Келесі жылы сол жұмысқа кірісетін боламыз. Жергілікті әкімшіліктермен жұмыс істейміз.
Ал, Қаржы министрлігі бюджеттің кірісін ұлғайту бағытында жұмыс істейтін болады. Және мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қазына қаржысының орынды жұмсалуына жауапты.
Осылайша, жолдаудан кейін Есілдің сол жағалауындағы зәулім кеңселерде сағат сайын жиналыс өтіп жатры. Үкімет үйінен тікелей облыстарға нақты міндеттер жүктелуде. Елбасы айтқан тапсырмаларды орындап, жүзеге асыру үшін Министрлер кабинетінің жұмыс кестесі де өзгереді. Ол алдағы 10 күннің ішінде белгілі болады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін