«Журналистерді қорғау тетіктері жоқ»: Әлемде баспасөз бостандығына қысым күшейіп барады. Қазақстан да өз позициясын жоғалтты  - kaz.caravan.kz
  • $ 462.91
  • 542.16
+18 °C
Алматы
2026 Жыл
4 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Журналистерді қорғау тетіктері жоқ»: Әлемде баспасөз бостандығына қысым күшейіп барады. Қазақстан да өз позициясын жоғалтты 

«Журналистерді қорғау тетіктері жоқ»: Әлемде баспасөз бостандығына қысым күшейіп барады. Қазақстан да өз позициясын жоғалтты 

Шетелдік зерттеу не дейді? 

  • 4 Мамыр
  • 77
Фото - Caravan.kz

Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.  

Халықаралық Репортеры без границ ұйымы жариялаған 2026 жылғы баспасөз бостандығының дүниежүзілік индексі көңіл көншітпейді. Құжатқа сәйкес, баспасөз еркіндігі соңғы 25 жылдағы ең нашар нәтижеге түскен. Сарапшылардың пікірінше, әлем бойынша сөз еркіндігі әлсіреп, қысым жаңа деңгейге жетіп отыр. 

Алғаш рет әлем елдерінің 52,2 пайызы «күрделі» немесе «өте ауыр» жағдай санатына енді. «Жақсы» деңгейдегі баспасөз бостандығы бар елдердің үлесі 1 пайызға дейін қысқарған. 

Негізгі қысым: заң арқылы бақылау

RSF мәліметінше, бүгінгі қысым физикалық қауіппен шектелмейді, ол заңнамалық және технологиялық сипатқа ие болып отыр. Бір жыл ішінде дәл осы құқықтық индекс бойынша көрсеткіш күрт нашарлаған. Журналистердің жұмысы ұлттық қауіпсіздік, терроризмге қарсы күрес және «дезинформация» туралы заңдар арқылы шектеліп жатыр. Оған қоса, сот талаптары мен әкімшілік кедергілер де ақпарат еркіндігіне тосқауыл қоюдың құралына айналған. 180 елдің 110-ында осы параметр бойынша жағдай кері кеткен.

Ұйым дерегінше, журналистика бірнеше бағыт бойынша  қысымға ұшырауда: билік тарапынан агрессивті риторика күшейген, медианың экономикалық тұрақтылығы әлсіреген, ал заңдар ақпаратты бақылау тетігі ретінде қолданылып отыр.

Ең сорақысы, әлем елдерінің 80 пайыздан астамында журналистерді қорғау механизмдері не жоқ, не тиімді жұмыс істемейді.

Сонымен қатар, тәуелсіз медиа үшін соңғы еркін алаңдардың бірі саналатын интернет те барған сайын қатаң бақылауға алынып жатыр. Әсіресе авторитарлық мемлекеттерде жағдай ушыққан, алайда демократиялық елдер де мұндай қысымнан тыс емес.

Әлемдік көрініс: көшбасшы мен соңғы орын

Рейтинг көшін оныншы жыл қатарынан Норвегия бастап келеді. Ал Эритрея тағы да соңғы орынға тұрақтаған. АҚШ бірден 7 сатыға төмендеп, 64-орынға түсті. Ал Сирия елінде жақсы көрсеткіш тіркелді: 2024 жылғы билік өзгерісінен кейін ел 36 позицияға жоғарылаған.

Өңірлік жағдай: қысым күшейіп келеді

Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі жағдай тіпті нашарлап барады, әсіресе құқықтық салада көрсеткіш төмен. Нақтырақ айқанда, заңнаманы медиаға қысым көрсету құралы ретінде пайдалану жиілеген. Бірқатар елдерде БАҚ-ты қаржыландыруды шектеу, ақпаратқа қолжетімділікті азайту және журналистердің қызметін тарылту бағытындағы нормалар қабылданып жатыр немесе күшейтілуде.

Өңірдегі ең төмен нәтижелер Тәжікстан (155-орын), Беларусь (165), Әзербайжан (171), Ресей (172) және Түрікменстан (173) елдерінде тіркелген. Бұл мемлекеттерде экстремизм мен терроризмге қатысты заңдар журналистерге қарсы құрал ретінде жиі қолданылып келеді.

Қазақстанның жағдайы да көңіл көншітпейді

Қазақстан 2026 жылғы рейтингте 149-орынды иеленіп, бір жыл ішінде 8 позицияға төмендеді. Елдің көрсеткіші 100 мүмкін ұпайдың 34,41-і ғана. 

«Репортеры без границ» есебінде атап өтілгендей, Қазақстанда онлайн-журналистиканың сапасы жақсарған, алайда қысым да жаңа деңгейге жетіп отыр. Әсіресе интернетке бақылау күшейіп келеді, бұл тәуелсіз медиа пікір білдіре алатын жалғыз кеңістіктің бірі екенін айта кеткен жөн.

Қазақстандағы жағдайды нашарлатқан негізгі факторлар:

  • медиасаладағы заңнаманың қатаюы;
  • редакцияларға жанама қысымның күшеюі;
  • онлайн-кеңістіктегі бақылау мен шектеулердің артуы;
  • журналистерге қарсы қылмыстардың жазасыз қалуы.

Ұқсас жағдай Қырғызстан елінде де байқалады, ол 146-орында тұр. Көрші елдегі негізгі мәселе — журналистердің құқықтық қорғалуының әлсіздігі. Ал Өзбекстан 147-орынды иеленген.

Баспасөзге қысым тек авторитарлық елдерде ғана емес, демократиялық мемлекеттерде де байқалады. 

  • Гонконг — медиа иесі Джимми Лай ұлттық қауіпсіздік заңдары бойынша 20 жылға сотталған;
  • Түркия — журналистер «дезинформация» және «президентті қорлау» айыптарымен қудаланады;
  • Тунис — «фейк жаңалықтар» туралы заң билікті сынаушыларға қарсы қолданылады;
  • Сауд Арабиясы — журналистерге қарсы зорлық-зомбылық және өлім жазасы тіркелген;
  • АҚШ — 7 позицияға төмендеу саяси қысым мен медианы қаржыландырудың қысқаруымен байланысты;
  • Франция — журналистерге қарсы SLAPP-істер көбейген.

Сонымен қатар Перу мен Эквадор елдерінде бір жыл ішінде алты журналист өлтірілген.

Сарапшы пікірі

«Механизмдер әлсіз, халықаралық құқық әлсіреп барады, ал жазасыздық күшейіп келеді. Қатаң кепілдіктер мен нақты санкциялар қажет. Бүгінде бастама демократиялық мемлекеттер мен олардың азаматтарының қолында. Дәл солар үнсіздік заңын орнатқысы келетіндерге тосқауыл қоюы тиіс. Авторитаризм жұқпалы, бірақ ол міндетті тағдыр емес», — дейді RSF редакциялық директоры Анн Боканде.