Инсулин өмірлік маңызы зор дәрілік препараттардың қатарына жатады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қант диабетімен ауыратын науқастар инсулинді тегін ала алады. Адамдардың шағымына қарамастан, қор жеткілікті екенін алға тартып отыр. Caravan.kz медиа порталының тілшісіне хабарласқан науқастардың шағымдары шынайы жағдай мүлде басқа екенін көрсетіп отыр. Олардың айтуынша, инсулин табу қиын, ал бағасы қымбат. Толығырақ материалда.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қант диабетімен ауыратын азаматтар диспансерлік есепте тұрса, медициналық ұйымға тіркелсе және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысса, инсулинді тегін алуға құқылы.
2025 жылға дейін инсулин тегін медициналық көмектің кепілдендірілген пакеті аясында беріліп келді. Алайда 2025 жылдан бастап дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, соның ішінде инсулин де, МӘМС жүйесіне көшірілді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл реформа жеңілдіктерді жоймайды, тек қаржыландыру механизмін өзгертеді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, «қант диабеті» диагнозына байланысты қосымша төлемдер қарастырылмаған, ал стандартты сақтандыру жарналары медициналық қызметтер мен дәрілік препараттарды қамтиды. Балалар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар және әлеуметтік осал топтар үшін МӘМС жарналары мемлекет есебінен төленеді.
Науқастардың шағымдарына қарамастан, Денсаулық сақтау министрлігі инсулинмен қамтамасыз етуде жүйелі мәселе жоқ екенін алға тартуда.
24 желтоқсанда өткен брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова Қазақстанда инсулин тапшылығы жоқ екенін айтты:
«Қазіргі таңда қант диабетімен ауыратын пациенттерге арналған дәрілік препараттар, оның ішінде инсулин, медициналық ұйымдарда жеткілікті көлемде бар», — деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, инсулин қоры алдын ала қалыптастырылған және бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында сақталады.
«Бүгінгі таңда „СК-Фармация“ бірыңғай дистрибьюторының хабтарында аталмыш дәрілік заттардың қоры тек осы жылдың соңына ғана емес, қаңтар мен ақпан айларын қоса алғанда жеткілікті. Яғни, пациенттер кемінде үш айға қамтамасыз етіледі. Сондықтан дәрілермен қамтамасыз етуде жүйелі іркілістер жоқ», — деп атап өтті Әлия Рүстемова.
Министрлікте сондай-ақ дәрі-дәрмек табылмаған жағдайда пациенттерге қайда жүгіну керектігі түсіндірілді:
«Егер пациент дәріханадан қажетті препаратты таппаса, ол өз емханасына және Пациенттерді қолдау қызметіне жүгінуі тиіс. Қажет болса, денсаулық сақтау басқармалары жанындағы колл-орталықтарға хабарласуға болады, олардың байланыс нөмірлері ресми сайттарда орналастырылған. Сонымен қатар „СК-Фармацияның“ 1439 қысқа нөмірі арқылы нақты медициналық ұйымдағы препараттың бар-жоғын немесе қашан жеткізілетінін білуге болады», — деді вице-министр.
Дегенмен, науқастардың жеке мысалдары ресми мәлімдемеден айтарлықтай ерекшеленеді. Caravan.kz редакциясына хабарласқан Алматы тұрғыны Алмат Ашукенов өз құқығына қарамастан қыркүйек айынан бері инсулин ала алмай отырғанын айтады.
«Мен 17-поликлиникада есепте тұрмын. Инсулин бірнеше ай бойы берілмеді. Қыркүйектен бері есепте тұрған науқастарға тегін инсулин жоқ. Новорапидті табу қиын, ол тапшы препарат, 24 мың теңгеге Гоголь көшесіндегі бір дәріханадан әрең таптым. Осылай жалғаса берсе, адамдар инсулин үшін төбелесуге дайын. Дәрінің тапшылығынан адамдар зардап шегуде. Ал министрлік дәрі алдағы екі айға жетеді дейді. Бұл абсурд!» — дейді ол.
Мұндай шағымдар жиілеп келеді. Науқастар инсулинді өз қаражатына сатып алуға, таныстары арқылы іздеуге немесе қаладағы барлық дәріханаларды аралауға мәжбүр. Әсіресе заманауи, тез әсер ететін инсулин түрлері мен олардың аналогтары бойынша мәселе күрделі. Құжат бойынша тапшылық жоқ, препараттар сатып алынған, қоймаларда бар. Яғни, дәрілер емханаларға уақытылы жетпей жатыр деген сөз.
Инсулин кейінге қалдыруға немесе басқа препаратқа ауыстыруға болмайтын дәрі. Оның тапшылығы қант диабетімен ауыратын адамдардың өміріне тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан ресми мәлімдемелер мен нақты пациенттің қолына жететін дәрінің арасындағы алшақтық өте қауіпті деңгейге жетіп отыр.
Бұдан бұрын дәрі-дәрмектердің қымбаттап кеткені туралы материал жаздық. Мемлекет белгілеген шекті бағадан бірнеше есе қымбатқа сатып жатқан дәріханаларға халық наразылық білдіріп жатыр. Оқи отырыңыз: Шектен шыққан бизнес: Заңды бағадан төрт есе қымбат сатқан дәріханаларды кім бақылайды?
Шекті бағаларды мынау сілтеме арқылы біле аласыз.