Жеке дәріханалар да заңға бағынады: Қандай дәрі-дәрмек шекті бағамен сатылады? - kaz.caravan.kz
  • $ 501.79
  • 595.07
-4 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жеке дәріханалар да заңға бағынады: Қандай дәрі-дәрмек шекті бағамен сатылады?

Жеке дәріханалар да заңға бағынады: Қандай дәрі-дәрмек шекті бағамен сатылады?

Барлық дәрі-дәрмек шекті бағамен сатыла ма?

  • 23 Қаңтар
  • 102
Фото - Caravan.kz

Caravan.kz медиа порталының тілшісі дәрі-дәрмек бағасы мен мемлекет бақылауы туралы бірнеше материал жазды. Аталмыш тақырып көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтардың бірі. Бұл жайында әлі де сұрақтар көп. Оқырмандар арасынан тағы бірнеше маңызды сұрақ келіп түсті. Халықтың пікірінше, жекеменшік дәріханалар мемлекеттік бақылаудан тыс қалып отыр. Ол қаншалықты рас? Caravan.kz медиа порталының тілшісі сұраққа жауап іздеп көрді.

Мемлекет бекіткен шекті баға реестрі бар. Сондай-ақ жылына екі рет жаңартылатын бұйрық бар. Аталмыш бұйрық мемлекет бақылайтын дәрі-дәрмек тізімінің шекті бағасын жаңартып отырады. Айта кету керек, шекті баға реестріне барлық дәрілер жатпайды, оның мемлекет бекіткен тізімі бар. Ол бәріне қолжетімді. Сілтеме арқылы өтіп, танысуға болады.

Оқи отырыңыз: Дәрі-дәрмектің мемлекет белгілеген шекті бағасын тексеру халық үшін нағыз квестке айналды

Мемлекет дәрі-дәрмек бағасын заң жүзінде қалай реттейді?

Осы ретте оқырмандар тарапынан «шекті бағаға жеке дәріханалар бағынады ма?» деген сұрақ келіп түсті. Осы мәселені түсіндіріп көрейік.

Қазақстанда дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу заңмен бекітілген. Заңға сәйкес:

«Дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу шекті бағалар тізіміне енгізілген дәрілік заттарға, сондай-ақ кепілдік берілген көлемдегі ТМККК мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберіндегі дәрілерге қолданылады».

Яғни мемлекеттік реттеу бар, бірақ ол барлық дәрілерге бірдей емес. Ол:

— кепілдендірілген көлемдегі тегін медициналық көмек пен МӘМС шеңберіне кіретіндерге;

— бағалық реттеу тізіміне енгізілгендерге ғана қолданылады. 

Бұл тізім уәкілетті орган мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі келісімімен кезең-кезеңмен бекітіледі. 

Барлық дәрі-дәрмек шекті бағамен сатыла ма?

Жоқ. Соңғы жылдары Қазақстанда дәрі-дәрмек нарығын кезең-кезеңімен қайта құрылымдау жүріп жатыр. Бұл саясатты Денсаулық сақтау министрлігі ресми түрде бірнеше рет жариялаған. Мәселен, Үкіметтің ресми хабарламаларында коммерциялық сегменттегі бірқатар дәрілерді баға реттеуінен шығару жоспарланғаны айтылған.

Қазақстанда дәріханалардың нарықтың құрылымы туралы нақты пайыздық ресми статистика жарияланбайды. Алайда сараптамалық деректер дәрі-дәрмек айналымының негізгі бөлігі жеке сектор арқылы өтетінін көрсетеді. Нарықтық бағалауларға сәйкес, дәрілік препараттардың шамамен 97 пайызы жеке дәріханалар мен жеке дистрибьюторлар арқылы жүзеге асады. Бұл дерек фармацевтикалық нарықтың құрылымы туралы ашық аналитикалық материалдарда келтіріледі, соның ішінде мемлекеттік органдардың шолу материалдарында.

Неліктен бір дәрі әр жерде әртүрлі сатылады?

Бұл бірнеше себептен туындайды. Біріншіден, лицензия мәселесі. Күшті әсер ететін, сирек препараттарды сатуға барлық дәріхананың рұқсаты жоқ. Екіншіден, бәсекенің төмендігі. Демек, баға нарықтық тұрғыда монополиялық жағдайда қалыптасады. Үшіншіден, жеткізу тізбегі. Жеке дәріханалар препараттарды жеке дистрибьюторлардан сатып алады, ал бұл бағаға тікелей әсер етеді.

Қазақстандағы көптеген дәріханалар — жекеменшік. Олар өздерінің жеткізушілерінен дәрілерді сатып алып, нарықтық жағдайға қарай бағаларды қояды. Мемлекеттік реттеу тек баға реттеу тізіміне кірген дәрілерге ғана тиесілі болғандықтан, нарықтағы көптеген дәрілер еркін бағада сатылады.

Неге уәкілетті орган “жеке дәріханаларға әсер ете алмаймыз” дейді?

Мұндай жауап көп адамды шатастыратыны анық. Десе де, оның мәнін тереңірек түсінген абзал.

Егер препарат шекті баға тізіміне кірмесе, мемлекет оның сатып алу құнына, үстеме бағасына және соңғы сату бағасына араласа алмайды.

Онда шекті баға реестрінің пайдасы бар ма?

Бар. Алайда ол барлық нарықты қамтымайды, сондай-ақ әрбір препаратқа бірдей қолданылмайды.

Реестр:

— әлеуметтік маңызы бар дәрілерді қорғауға, 

— МӘМС жүйесіндегі бағаларды ұстап тұруға,

 — жаппай қолданылатын препараттардың күрт қымбаттауына жол бермеуге арналған.

Алайда ол:

  • сирек кездесетін,
  • тар бағыттағы,
  • бәсекесі жоқ препараттардағы мәселені толық шеше алмайды.

Қорытындылай келе, жеке дәріханалар заңнан тыс қалып отырған жоқ. Бағаның қымбат болуына дәріхананың жекеменшік екені әсер етпейді. Негізгі себеп — нақты препараттың мемлекеттік баға реттеу тізіміне кірмеуі.

Қысқа түйін және не білу маңызды

1. Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасын реттеу заңмен бекітілген, бірақ ол барлық дәрілерге міндетті түрде қолданылмайды. 

2. Рецептісіз сатылатын және нарықтағы еркін айналымдағы дәрілер көбіне баға реттеу тізімінен шыққан, сондықтан олардың бағасы нарықтық факторға тәуелді; 

3. Қазақстанда көптеген дәріханалар жеке секторға жатады, және бөлшек баға қалыптасуы да осы нарықтық заңдылықтарға тәуелді. 

4. Бағалар аймақтар бойынша әртүрлі болуы заңсыз емес — бұл реттеу тізімі, жеткізу инфрақұрылымы мен бәсеке деңгейімен байланысты.