Адал абоненттерге қиянат: Қазақстандықтар Beeline-нің "қу" саясатын әділетсіз санайды - kaz.caravan.kz
  • $ 494.63
  • 583.22
+3 °C
Алматы
2026 Жыл
9 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Адал абоненттерге қиянат: Қазақстандықтар Beeline-нің "қу" саясатын әділетсіз санайды

Адал абоненттерге қиянат: Қазақстандықтар Beeline-нің "қу" саясатын әділетсіз санайды

Еліміздің белгілі байланыс операторларының бірі тағы да сын астында қалды. Компанияның тарифтік саясаты халықтың наразылығын тудырды. 

  • 9 Ақпан
  • 93
Фото: Жасанды интеллект

Caravan.kz медиа порталының редакциясына Beeline компаниясының тарифтік саясатына көңілі толмайтын қазақстандықтардан шағым түсті. Айта кетейік, жаңа жылдан бастап тарифтер қымбаттаған еді. Әрине мұндай қадам көпшіліктің көңілінен шықпады. Себебі қолданушылар жаңа бағалардың қызмет сапасына сай келмейтінін айтып шағымданған. Ал қазір мәселе одан да ушығып барады. Бұл материалда тақырыпты зерттеп, мән-жайды анықтап көрейік. 

Әлеуметтік желілерде бұған дейін де Beeline компаниясына қатысты түрлі видеолар мен жазбалар жарияланған. Онда кейбір абоненттер жеңілдікке қалай қол жеткізгендерімен бөліскен. Дәл сол мәселе енді тікелей қазақстандықтан келіп түсті. 

Редакцияға хабарласқан қазақстандықтың айтуынша, Beeline жаңа жылдан бастап тариф бағасын көтерген. Алайда белгілі бір жағдайда компания 50 пайыздық жеңілдік ұсынады екен. 

«Beeline компаниясының тарифтік саясатына байланысты мәселені көтерулеріңізді сұраймын. Жаңа жылдан кейін тарифтер қымбаттады. Бірақ егер тарифті 5 күннен артық төлемей қойсаң, компания жеңілдік ұсынады екен. Мұны мен кемінде үш адамнан естідім. Олар уақытында төлем жасамаған, кейін компания хабарласып, жарты жылға 50 пайыздық жеңілдік берген».

Оның айтуынша, бастапқыда тарифтің ай сайынғы құны 19 000 теңге болған. Ал жеңілдік ұсынылғаннан кейін, бұл сома алты ай бойы 9500 теңгеге дейін төмендеген.

«Меніңше, бұл өте әділетсіз саясат. Біреулер мен сияқты тарифті кешіктірмей уақытында, толық төлейді. Ал біреулер төлемді кешіктіріп, бас тартамыз деген «қулықпен» жеңілдік алып отыр. Нәтижесінде адал төлеп жүрген абоненттер ұтылып отыр», — дейді ол. 

Жағдайдың тым әділетсіз екеніне наразы қазақстандық Beeline компаниясына тікелей хабарласқан. Ол оператордан мұндай тәжірибенің себебін сұраған. Компанияның жауабы ешкімді таң қалдырмады. 

«Оператор маған кейбір абоненттерге осындай жеңілдік берілетінін растады. Айтуынша, олар осылайша клиенттерден айырылып қалғысы келмейді екен. Мен мұның әділетсіз екенін жеткіздім. Бірақ жауап ретінде маған да жеңілдікке өтінім қалдыруды ұсынды. Мен барлық төлемді үнемі алдын ала, кешіктірмей төлеймін. Осылай шу шығарсаң, жеңілдік алуға болатынын енді біліп отырмын», — дейді наразы оқырман. 

Компанияның қазіргі жүргізіп отырған саясаты мынадай әсер қалдырады: тарифті уақытында, шу шығармай тыныш қана төлеп жүрген абонент — компания үшін «ыңғайлы» клиент. Ал кетуге дайын немесе наразылық білдірген адамға жеке ұсыныстар жасалады. 

Бұл жағдай тек баға мәселесімен шектелмейді. Көптеген қазақстандықтар байланыс пен интернет сапасына да көңілі толмайтынын айтып келеді. 

Мәселен, редакцияның тілшісі де Beeline компаниясының үй интернетін пайдаланады. Ай сайын 8000 теңге төлейді. Қазіргі таңда тариф бағасы әлі өспеген. Бірақ интернет көп жағдайда өте баяу жұмыс істейді, кейде істен шығады. Қарапайым Google мен Яндекс ашылмайды. Фильм көру немесе қашықтан жұмыс істеу де қиын. 

Халықтың наразы болуының себептері осы. Жаңа жылдан бастап қазақстандықтардың көпшілігі Beeline қызметінен бас тартып, басқа операторларға ауысып жатыр. Оны біз жариялаған видеоға жазылған пікірлерден байқауға болады. 

Жауабы жоқ сұрақ 

Бұл оқиға бір абоненттің мәселесі емес. Ол жүйелік сұрақты алға тартады:

Неліктен жеңілдіктер адал әрі тұрақты төлеп жүрген клиенттерге емес, төлемді кешіктірген, тіпті бас тартқан абоненттерге ұсынылады?

Мұндай саясат қысқа мерзімде клиентті ұстап қалуы мүмкін. Алайда қазірдің өзінде адамдардың компанияға деген сенімі төмендеп барады. Түбінде тұрақты әрі адал абоненттердің кетуіне де әсер етуі ықтимал. Егер компания мұндай тәсілді дұрыс деп санаса, онда оны ашық әрі түсінікті түрде халыққа түсіндіруі керек дейді оқырман.

«Сапасы сын көтермейтін Beeline барлық тұтынушыларына осындай жеңілдік берсе де, артық болмайды».