Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлім етті, деп жазды Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
2026–2029 жылдарға арналған коммуналдық және энергетикалық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында облыс орталығында инженерлік инфрақұрылымның тозуын төмендетуге және тұтынушыларды жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға бағытталған магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту көзделген.
Оның аясында 1980 жылы пайдалануға берілген және тозу деңгейі 61%-ды құрайтын диаметрі 700 мм жылу магистралін реконструкциялау жүргізіледі.
Жоба 2029 жылға дейін үш кезеңмен іске асырылады. Қайта жаңғыртылатын учаскелердің жалпы ұзындығы — 8,7 км. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін тозу деңгейі 38%-ға дейін төмендейді.
— Биыл «Талдықорған қаласының магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылуда. Оның ұзындығы 3,5 км. Бүгінгі күні 800 метр жұмыс орындалып, жоспардың 25%-ы іске асырылды, — делінген хабарламада.
Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша жылу магистралінің тозу деңгейі қазіргі көрсеткіштен 51,8%-ға дейін төмендейді. Бұл жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, жылыту кезеңінде апаттық жағдайлардың туындау қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыру нәтижесінде пайдалану шығындарын азайту, жылу энергиясының шығындарын төмендету және қаланың жылумен жабдықтау жүйесінің тиімділігін арттыру күтіледі.
— Талдықорғандағы жұмыстар елдің барлық аймақтарын қамтитын жылумен жабдықтау инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі. Ағымдағы жылы алдағы жылыту маусымына дайындық аясында еліміз бойынша жылу желілерінің 377 шақырымын қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жоспарланған, оның ішінде 130 шақырымы — Ұлттық жоба аясында. Қазіргі уақытта жұмыстар 16 өңірде 152 шақырым бойында жүргізілуде, оның 35 шақырымы аяқталды, — делінген ведомствоның хабарламасында.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері алдағы жылыту маусымына жылумен жабдықтау нысандарының дайындық барысына, жөндеу жұмыстарының кестеге сәйкес орындалуына тұрақты мониторинг жүргізеді.
Айта кетейік, бүгін түнде Талдықорған қаласында ауа сапасы нашарлайды.