Көкшетаудан көкке көтеріліп, Алматы маңында апатқа ұшыраған Челленджер-200 ұшағына қатысты тергеу толық аяқталды. Осы оқиғаны үш жылға жуық зерттеген мамандар 21 адам опат болған апатқа экипаж кінәлі деген байлам жасапты. Яғни ауа-райының қолайсыздығынан екінші айналымға жіберілген ұшақ командирі абдырап қалып, дұрыс әрекет жасай алмаған дейді прокурорлар.
Әділет Тоқтамысов, ҚР Бас көлік прокуратурасының ресми өкілі
— Ұшудың соңғы минуттарында жер үстіне жақындағандықты білдіретін борт компьютерінің ескерту дабылы қосылған уақытта, жұмыс қабілеттілігін ішінара жоғалтқан әуе кемесінің командирі ұшақты басқармаған. Ал екінші ұшқыш құралдардың параметріне бақылау жасаудың орнына диспетчермен радиобайланыс орнатуға әлек болған.
Сондай-ақ комиссия мүшелері экипаждың ұшар алдында медициналық тексерістен өтпегенін де айтып отыр. Яғни апат болардан екі ай бұрын ұшақ командиріне ота жасалған екен. Бірақ ол ешқандай сауықтырудан өтпестен әуе кемесін басқаруға жіберілген көрінеді. Сондай-ақ, экипаж дені дұрыс оқу орталығында дайындықтан өтпепті. Алайда бұл ақпарат ұшақ командирінің әйеліне ауыр тиді. Галина Евдокимова марқұм күйеуін кінәлі деп тапқандардың әрекетін бассыздыққа балап отыр.
Галина Евдокимова, В. Евдокимовтың жесірі
— Апатқа экипаж мүшелерін кінәлап жатыр. Бұл қайғылы оқиғаға менің күйеуім де, әуе компаниясы да кінәлі емес. Сол күні ауа-райы қолайсыз болған. Бұл жаланы экипаж мүлелеріне жаба салу үшін жасалып отыр деп есептеймін.
Десе де 2013 жылдың 29 қаңтарында соңғы сапарға шыққан ұшқыштардан енді ешкім ештеңе талап ете алмайды. Экипаж мүшелері түгел қаза тапқандықтан, оларға қатысты қылмыстық іс те қысқартылған. Есесіне бұл апат үшін сот алдында «Скат» әуе компаниясы ұшу қызметінің директоры жауап беруі тиіс.