Жылауға шақ тұрған бұл әйелдер Кентаудағы балаларға арналған туберкулезге қарсы «Жансая» шипажайының қызметкерлері. Жарты жыл бұрын мекемеге басшы болып келген Алма Давитова оларға күн көрсетпейді екен. Тіпті артық адамды жұмысқа алып, жалақыдан тарықтырып қойыпты.
Айнұр Әбілпасова, шипажайдың бөлім меңгерушісі:
-Мысалы медбикелермен тазалаушылардың айлығы азайды.
-Қанша пайызға?
-Мысалы тазалаушылар 50-55 мың алып жүрсе, қазір 38-42 мың сондай алады. 32 мың алатындар да бар екен.
Ақшаны қойғанда емделуші балалардан ұят болды дейді. Себебі, басшы ауысқалы пациенттерге берілетін ет, қаймақ тіпті нанның да нормасы төмендепті. Мына видеоны қызметкерлер әдейі түсірген. Есесіне, бас дәрігер туыстарымен бірге келіп тамақтанып, асханадағы азық-түлікті дорбалап тасиды дейді қызметкерлер.
-Күніге осы жерден түскі ас , кешкі ас осы жерден. Тамақты да сенбі күні пакетпен алып кетеді. Талай көзімізбен көрдік. Аспаз , хатшы да нан таза еттерді пакетке салып әкеткенін көреміз.
Балалардың тамақтану жайын емделушілердің өзінен сұрап көрдік. Балалар «қарнымыз тоймайды» деп ағынан жарылған. Тек, камераға сөйлер кезде бас дәрігер балалардың аузын жабумен әлек болды.
-Қорқатын бірдеңе бар ма?Неге сөйлемейді? Жаңа колбаса нашар дедің ба? – Сөйлеме, Мақсат.
-Жоқ, неге сөйлемейді?
-Ұрсады ертең мамаң.
-Бұл кісілер бөтен кісілер, тәтелер.
Емделушілерді сөйлетпеген бас дәрігер дәлізге шыға бере өзін күтіп тұрған ұжыммен тағы жанжалдасып қалды. Кабинетіне қашып кіргендей болған бас дәрігер кейін қоластындағылардың айтқандарын жоққа шығарды. Дөрекілік табиғатыма жат деген ол бұны өзіне қарсы ұйымдастырылған жала деп отыр.
Алма Давитова, шипажайдың бас дәрігері:
-Жала жабу әрине, жала жабу. Өйткені мен тамаққа менің тарапымнан бақылау болғанымен ол жерде өзінің әрқайсының маманы бар. Тамақтың дозасын есептейтін, күнделікті мәзірді құрастыратын мамандар бар.
Шипажайға сәуір айында ғана бас дәрігерлікке тағайындалған Алма Давитова бұған дейін Кентаудағы емхананың бірінде басшылық қызмет атқарған. Ол кезде де ұжымның қарсылығымен жұмыстан кетті. Енді шипажай қызметкерлері министрлік пен прокуратураға шағым түсіріп, комиссия Давитова ханымның 2 млн теңгеден астам қаржылық қитұрқыға барғанын анықтапты. Енді туберкулезге қарсы шипажайдың басшысымен жемқорлыққа қарсы департамент мамандары айналысады.