«Жерге қону Жезқазғаннан алыс емес жерде 12 қыркүйек күні орын алды. Кейін біз Ғарышкерлерді даярлау орталығында оңалту шараларынан өттік. Бүгін Қазақстан патриоттары форумына қатысу үшін келіп отырмын. Оңалту шаралары 9 қазанда, ғарышкерлердің кездесуінен кейін аяқталады. Содан соң мен Қазақстанға оралып, «Қазғарыш» компаниясында өз қызметімді жалғастырамын», — деп атап өтті ол.
Айдын Айымбетовтің сөзіне қарағанда, ғарышқа сапардың толық ғылыми нәтижелерін Қазғарыш агенттігінің ресми сайтынан алуға болады.
Форум жайында тоқталған ғарышкер мұндай шаралардың маңызды екендігін ерекше атап өтті.
«Форумдар арамызда қарапайым өмір сүріп жүрсе де, күнделікті ұлы істер жасап жүрген батырларымызды ұлықтауға бағытталған», — дейді ол.
А.Айымбетовтің айтуынша, ғарышқа жасаған сапары ол үшін қарапайым істердің бірі. «Ол менің жұмысым, инженер маманына тиесілі қызмет. Иә, үлкен физикалық ауыртпалықтар, үлкен еңбек талап етеді, бірақ тиісті жаттығудан өтсе, кез келген қарапайым адам жасай алатын іс», — деді ғарышкер.
«Мен өз елім үшін өмірімді қиюға, барша өмірімді өз елімнің дамуы мен көркеюіне беруге даярмын», — деп түйді сөзін А.Айымбетов.