Жарияланды: 370

Алматы облысында жатақхана өртеніп ондаған отбасы далада қаңғып қалды

Алматы облысында жатақхана өртеніп ондаған отбасы далада қаңғып қалды

Алматы облысында көпқабатты жатақхана өртеніп, тұрғындар тірідей жанып кете жаздады.

Қызыл жалын тұтанған кезде жұрт шырт ұйқыда жатқан. Құдай сақтап, түтін иісін сезгендер көршілерін оятып, терезе арқылы далаға шығыпты. Дегенмен күйік шалып, аяқ-қолы сынғандар аз емес. Олар қазір ауруханада емделіп жатыр. Ал жатаханаға іргелес тұрса да өрт сөндірушілер оқиға орнына жарты сағаттан кейін бір-ақ жетіпті. Әкімдіктегілер тіпті төбе де көрсетпеген.

Өтеген батыр кентінде таңғы сағат 5-те тұтанған қызыл жалын шырт ұйқыда жатқан жұртты шошытты. Төртінші қабатқа дейін жеткен тілсіз жауды көріп, төбе шашы тік тұрған тұрғындар терезеден секірген. Ал оқиға орнына шақырылған өрт сөндірушілер жақын жерде орналасса да, мұнда жарты сағаттан кейін ғана жетіпті.

Гүлмира Әбділдаева, Өтеген батыр кентінің тұрғыны:

-Өрт сөндірушілер шақырған уақытынан кешігіп, жарты сағаттан кейін келді. Түтіннің арасында қалдық бала-шағамызбен, ыстың арасында. Шығуға мүмкіншілік болған жоқ. 

Жатақханада тұратын 90 отбасы таңсәріден бері кімнен көмек сұрарын білмей, дала кезіп жүр. Кейбірі жақындарын жағалап кеткен. Ал жоғарыдан секірген бірнеше адам аяқ-қолы сынып ауруханаға түскен. Денесін күйік шалғандары да бар. Тұрғындардың айтуынша, оларға медицина қызметкерлері де немқұрайлы қарапты.

Алмагүл Оспанова, Өтеген батыр кентінің тұрғыны:

-Аурухана қабылдамайды ешқандай. Дәрігер жоқ. Ана жерде қолы күйген кішкентай балалар, басы жарылған, аяқтары сынған қанша балалар жүр, әйелдер жүр. Енді қалай жатып, қалай тұрамыз. Екі балам елдің үйінде жүр.

Таңсәріде тұтанған өрттің шығу себебі әлі белгісіз. Ал қыс ішінде далада қалған жұрттың жағдайын сұрап жергілікті биліктен тірі жан келмепті. Амалы қалмаған олар әкімдікке өздері барды.

Жалынға оранған жатақханаға келуге жарамаған жергілікті басшылар жұмыс орындарында да жоқ. Тілшілерге тек әкімнің орынбарасы телефон арқылы тексеру жұмыстарының жүріп жатқанын айтты. Бір анығы, өртенген жатақхана ешбір коммуналдық мекемеге кірмейді екен. Сондықтан енді тұрғындар  ең болмаса әкімдік жатақхананың подъезін ретке келтіріп берсе дейді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін