Жарияланды: 550

Ақмола облысында ірі қарадан тағы да бруцеллез дерті табылды

Ақмола облысында ірі қарадан тағы да бруцеллез анықталды. Дерттің ошағы Садовый селолық округіне қарасты Берязниковка, Заречный, Садовый ауылдарында. Өткен жылы да осы ауылдағы ұсақ малдан бруцеллез адамдарға жұққан еді. Енді міне, жеке меншіктегі 42 бас малдан тағы індет белгілері анықталып отыр.

Жеке шаруашылық қожайыны ауру малды жан-жақтан сатып әкелген. Тиісті құжаты, құлақтарында нөмірленген сырғасы бар. Тек шеттен келген малды ауылға әкелгенін жергілікті ветеринарлардан жасырып қалыпты.

Талғат Мәмбеталин, Зеренді аудандық ветеринарлық бөлімінің бастығы:

- Ешкімге айтпаған. Территориальная инспекция деген бар содан рұқсат алу керек. Және сол малдар сол жерде тексерілу керек. Ветеринарлық паспортында қашан қан алынды, вакцина жасалды көрсетілуі керек. Күзгі  тексеру  жүргізгенде  42 бас шықты. Бәрі бруцеллез.

Шаруашылықтағы 280 бас малдан тағы да қан алынып, екінші рет зертханаға жіберілген. Егер диагноз нақтыланатын болса, ірі қараның көзі түгел құртылуы керек. 

Алмат Балтағарин, Садовый ауылдық округінің әкімі:

- Оң жауап келсе , ол өткізуге міндетті. Халық түгілі, оның өзінің денсаулығына қауіпті.

Халық демекші, өткен жылы да аталған ауыл тұрғындары осы ауруды жұқтырып, ауырған болатын. 11 адам әлі де медициналық қадағалауда. Ал мал иесі болса, сиырларының жаппай бруцеллезге шалдыққанына әлі сенбейді.

Талғат Жақыпов, шаруашылық иесі:

- Ол нақты емес. Тағы да тексеріп жатыр. Екінші сараптама дайын болсын, сосын бір нәрсе айтуға болады.  Ал мал дәрігерлері  менің малды ауылға әкелгенімді білмейді,- деген бекер сөз.

Ал сол екінші сараптама қорытындысы дайын болмайынша, ауру сиырлар тау етегіндегі өзге де малмен бір жайылымда жүре бермек.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін