Жарияланды: 300

Ақтөбеде үйі өртенген зейнеткерлер далада үсіп қала жаздады

Ақтөбеде аязды күні ерлі-зайыпты зейнеткерлер далада қалды. Өйткені қала шетіндегі шағын баспаналары өртеніп кетті. Оттың неден тұтанғаны әзірге белгісіз. Енді олар туыстарының үйін жағалауға мәжбүр. Ал жергілікті билік тілсіз жаудың кесірінен тентіреп қалған зейнеткерлерге беретін баспанамыз жоқ деп отыр.

Зейнет жасына жетсе де Тоқтар ақсақалдың бос отырған кезі жоқ. Күзетші болып істейтін оған суыт хабарды көршілері жеткізіпті.

Тоқтар Ермағанбетов, зейнеткер:

-Кеше кезекті жұмысымда жүр едім. Таңғы сағат бестерде хабар келді маған үйің өртеніп жатыр деген. Сосын машинамен жетіп келсем үй жанып болған. Ортасына түсіп жатыр.

Бойдағы күш-қайрат кеміген соң қорасындағы төрт түлігін қарауға қос зейнеткердің мұршасы болмаған. Сондықтан бар малын сатып, шалғайдағы ауылдан кемпірі екеуі облыс орталығына үш жыл бұрын көшіп келіпті. Енді сол қала шетіндегі шағын баспанасымен қоса құжаттары да жанып кеткен.

Күләш Өтепбаева, зейнеткер:

-Осыны бар мал-мүлкімізге сатып алып, тым жақсы үй болып отыр едік. Әйтеуір аман қалғанымызға қуанамыз. Енді құжат та кетіп қалды. Артының қайырын берсін. Дымсыз қалдық.

Тілсіз жаудың кесірінен тентіреп қалған зейнеткерлерге тегін баспана берілмейді екен. Дегенмен, шенеуніктер қаржылай көмек беру үшін комиссияның қарауына ұсынамыз деп отыр.

Мейіржан Қарақов, Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

-Ол кісі өмірлік қиын жағдай туындауына байланысты қала әкімиятына арыз беруі қажет. Осы комиссия арыз бергеннен кейін арызын ұсынамыз. Сол уақытта тиісті көмектерін алуға болады.

Зейнеткерлер құр қабырғалары ғана қалған үйін айналшықтап кете алмай жүр. Енді амалсыз жақындарына барып пана іздеуге мәжбүр. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін