Ресми сауал жолданды: Ата-аналар жаппай сатылып жатқан арзан сусындар мен өнімдердің құрамын тексеруді талап етуде  - kaz.caravan.kz
  • $ 467.58
  • 543.66
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
19 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ресми сауал жолданды: Ата-аналар жаппай сатылып жатқан арзан сусындар мен өнімдердің құрамын тексеруді талап етуде 

Ресми сауал жолданды: Ата-аналар жаппай сатылып жатқан арзан сусындар мен өнімдердің құрамын тексеруді талап етуде 

Instagram және Threads желілерінде ата-аналар мен тұтынушылар аталмыш өнімдерден кейін жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, әлсіздік пен жалпы жағдайдың нашарлағанын айтып, жаппай пікір қалдыруда. Кейбір ата-аналардың сөзінше, балаларға тіпті медициналық көмек қажет болған.

  • 19 Мамыр
  • 31
Фото - Caravan.kz

Кеше Caravan.kz медиа порталының тілшісі Қазақстан бойынша WeDrink желісінің өнімдеріне қатысты көбейіп жатқан шағымдар туралы көлемді материал жариялаған болатын.

Бүгін редакциямызға Астана қаласының тұрғыны жазды. Ол 16 мамыр күні басынан өткен жағдаймен бөлісті. Ананың айтуынша, бес жастағы баласы алғаш рет WeDrink дүкеніне кіргісі келген. Сол күні олар балмұздақ пен екі сусын сатып алған. Түбіртегі сақталған.

Ананың сөзінше, балмұздақ жегеннен кейін баланың жағдайы күрт нашарлаған. Бала құсып, жүрегі айнып, қатты әлсіреген. Әлсіздік пен жайсыздық екі күнге созылған. Отбасы ауруханаға жүгінбеген, десе де баланың жағдайын бақылап, регидрон бергенін айтты.

«Жалпы бұл дүкенге қатысты негатив пікірлер көп, сондықтан сатылып жатқан өнімдердің құрмамына талдау жүргізуді талап етемін. Басшысынан бастап, сол жердегі қызметкерлеріне дейін тексеруді сұраймын. Бір ғана емес, Қазақстан бойынша барлық нүктелерін тексерсін. Қызметкерлер қолғапсыз жүреді, анау жасалып жатқан сусындарға не қосылады? Осының барлығын егжей-тегжейлі тексерсін, әйтпесе біздің балаларымызды улап жатыр», — дейді бізге берген сұхбатында. 

Қоғамдағы алаңдаушылықтың күшеюіне және қолымызда бар шағым негізінде Caravan.kz медиа порталының тілшісі Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне журналистік сауал жолдады. Сауалда аталған жағдай тіркелген нүктеде тексеру жүргізу және жалпы WeDrink өнімдерінің қауіпсіздігін толық тексеруді сұрадық. 

Атап айтқанда: 
— сатылатын өнімдердің құрамын және қолданылатын ингредиенттерді;
— шикізаттың шығу тегін;
— сертификаттар мен сәйкестік құжаттарының болуын;
— өнімдерді дайындау және сақтау талаптарының сақталуын;
— санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың орындалуын;
— балалар мен жасөспірімдер үшін өнім қауіпсіздігін тексеру. 

Осы жерде тағы да бір рет айта кеткен жөн. Wedrink желісі көбінесе «bubble tea» ұсынады. Олардың түрлері көп, бағасы қолжетімді — 600 теңгеден басталады. Дәл осы «bubble tea» құрамындағы тапиока шариктеріне қатысты мамандардың пікірлерін ескерген абзал. 

Пирогов университетінің Адам биологиясы және патологиясы институтының маманы Екатерина Титова «Осторожно, новости» Telegram арнасына берген сұхбатында тапиоканың денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін екенін айтқан.

Маманның сөзінше, тапиока қосылған bubble tea-ді асығыс ішкенде немесе сөйлесіп отырып тұтынғанда, ірі әрі созылмалы шариктер өңешке емес, тыныс алу жолдарына түсіп кетуі ықтимал. Мұндай жағдайда адам тұншығып, асфиксия қаупіне тап болуы мүмкін.

Сонымен қатар сарапшы тапиока шариктерін шамадан тыс көп жеп, артынан жеткілікті су ішпесе, олардың бір-біріне жабысып, ішекте түйін түзуі мүмкін екенін ескертті. Бұл өз кезегінде ішек өтімсіздігіне алып келуі ықтимал. Екатерина Титова тапиоканы бес жасқа дейінгі балаларға бермеуге кеңес берді.

Ал дәрігер-диетолог әрі терапевт Регина Ахуньянова бабл-тиді тұрақты түрде тұтыну ауыр дерттердің дамуына әсер етуі мүмкін екенін айтты. Ол UfaTime.ru басылымына берген сұхбатында бүгінде сәнге айналған бұл сусынның жасырын қаупі туралы баяндады.

Дәрігердің айтуынша, көпшілік бабл-тиді кәдімгі шай ретінде қабылдайды. Алайда шын мәнінде оның негізін крахмал мен қант шәрбатынан жасалған тапиока шариктері құрайды. Бұған қоса сусын құрамына түрлі тәтті шәрбаттар мен сүт қосылады. Соның салдарынан оның калория мөлшері өте жоғары болады.

Сарапшының сөзінше, мұндай сусын ағзадағы глюкоза деңгейін күрт көтеріп, артынша оны тез төмендетеді. Соның әсерінен қайтадан тез ашығады. Дәрігер бабл-тиді жиі ішу артық салмақ қосуға, бауырда май жиналуына, инсулинге төзімділіктің қалыптасуына және ішек микрофлорасының бұзылуына әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

«Мұндай “шай” калориясы аса жоғары кәдімгі десерт», — деп ескертті Ахуньянова.

Біздің сауалымызға мемлекеттік органдардан ресми жауап келген кезде, тексерістердің қорытындысын қосымша жариялайтын боламыз.

Оқи отырыңыз: Жүрегі айнып, уланған жағдайлар болды: Жасөспірімдер арасында трендке айналған арзан сусын денсаулыққа қаншалықты зиян?