Атырау облысында жетімдерге тұруға жарамсыз үй табысталған
Пәтерден бас тартқан жетімдер! Атырау облысында ата-анасыз өскен жастарға баспана алынады деп, бірнеше жыл бұрын 37 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражат 11 түлекке Махамбет ауданынан алқа-салқасы шыққан жер үйлер алуға ғана жетіпті. Кейін мұны дұрыстап жөндеп береміз деген атқамінерлер де сөздерінде тұрмады. Жетімдердің барлығы дерлік енді апатты үйлерден көшіп жатыр. |
Облыс орталығындағы жетімдер үйінде тәрбиеленген Галина Гатауллина өзіне Махамбет ауданынан жаңа үй берілетінін естігенде есінен тана жаздаған. Бірақ бар жүгін жиып, 3 баламен аудан орталығына жеткенде көңілі су сепкендей басылды. Өйткені әкімдік алқа-салқа үйдің кілтін ұстата салыпты.
Галина Гатауллина, Махамбет ауданының тұрғыны
-Біздер мына үйлерді көргенде шошыдық, бізге осы айтты ғой деп, новый үйден береміз, ешқандай қиындық көрмейсіңдер деді,нағыз ұнамайтын болса, отказ беріңдер деді, мен айттым отказ берсек ештеңе болмай ма десем, жоқ, 5 жылға артқа лақтырамыз деді бізді.
Галинамен бірге келген өзге 10 жетімге де осындай үйлер берілген. Бірақ көбі алданғандарын біліп, амалсыздан қалаға қайтып кетіпті. Қазір мұнда тек 2 отбасы қалған. Шиеттей балаларымен әрлі-берлі сабылуды жөн көрмеген олар тозығы жеткен үйді жамап, өлместің күйін кешіп отыр.
Ерлан Омаров, Махамбет ауданының тұрғыны
-Біздер баратын жеріміз жоқ болғасын осында тұрып жатырмыз. Үй деген ескі. Күрделі ремонт жасаймыз деді, оны жасаған жоқ, үй салқын, қыс болса жақындап қалды. Біз келгенде газы да, дым да жоқ болды ішінде, өзіміз алдық заттардың бәрін.
Бұлардың қолдарындағы келісім-шартта ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын да әкімдік жасау керек деп көрсетілген. Бірақ берілгелі 3 жылдан асса да, мұнда келіп бір шеге қаққан ешкім жоқ. Ал әкімдердің жауабы әдеттегідей.
Руслан Әженов, Махамбет ауылдық аймағының әкімі
- Комиссия құрылып, соған байланысты үйін зерделеп, қай жерлері жөндеуді қажет ететінін 726 мың теңге көлемінде қаржы есебі шығарылған болатын. Енді аудандық бюджетке сұраныс берілген болатын. Қазір шешімін тапқан жоқ, бұл мәселе. Енді алдағы бюджетте қарастыратын боламыз мәселені.
Әкімдіктің жылда айтатын әдемі әңгімесіне әбден тойған жетімдер бұған да сенбей отыр. 11 адамға бақандай 40 миллионға жуық теңгеге жөні түзу үй сатып алмай, жетімдерді тентіретіп жіберген әкімдік әрекетінің заңды-заңсыздығын анықтау мақсатында құқық қорғау орындарына шағым да түсіріп қойыпты.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін