Эксклюзив: Астанада бір топ жігіт электровозды айдап әкетіп кабинасында қыз зорлаған
![]() |
Астанада әбден есірген жігіттер вокзалда тұрған электровозды айдап әкетіп, кабинасында жабылып қыз зорлаған! |
Достарына электровоз тізгінін ұстата салған Астана депосының қызметкері екен. Отарбаны мініп алғандардың әрекеті үлкен апатпен аяқталуы мүмкін еді. Себебі теміржолда әрлі-берлі қатынап жатқан жолаушылар пойызы өте көп. Ойларына келгенін істеген жігіттердің қырағы күзетілетін вокзал аумағына қалай емін-еркін кіргені де белгісіз. Шойынжолдағы шытырманға толы оқиғаның мән-жайын Досжан Маратұлы білуге тырысты.
- Айдап әкеттік.
- Кеттік, кеттік тоқтама!
Есірген бұл төрт жігіт тапа-тал түсте электровозды ұрлап бара жатыр. Қызық қуғандардың еліргені сонша,өздерін ұялы телефондарына түсіріп мәз-мәйрам.
-Тоқтама жүре бер...
Өзге адамдардың кіруіне тыйым салынған электровозды айдап кеткендерді қарсы беттен жолаушылар пойызы шығып қалса не болады деген сауал мүлде ойландырмаған сыңайлы. Осылайша, үлкен апатқа жол бере жаздағандар тіпті, теміржол бағытын өздері өзгертіп қалаған жағына кетіп барады.
Тентектердің сәлден кейін іштері пысса керек, жолдан 22 жастағы бойжеткенді де отырғызып алып, кабина ішінде зорлаған. Азғындардан қорлық көрген қыз кейін полицейлерге шағым түсіріпті. Жедел жеткен тәртіп сақшылары қаскөйлерді ұстап, ұялы телефондарын тәркілеген. Электровозды ұрлап айдағандардың әрекеті де осы телефондағы таспадан кейін әшкереленіп отыр.
Бауыржан Садықанов, «Астана» станциясындағы Ішкі Істер желілік басқармасының тергеу бөлімінің бастығы:
-Қызды жыныстық қатынасқа тек екі жігіт қана мәжбүрлеген. Қалғаны сол кезде кетіп қалыпты. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр.
Жігіттердің ерекше қорғалатын аумақта тайраңдауы бекер емес. Астана депосында істейтін досымен бірге вокзалға талай келіп, тоқпен қозғалатын электровозды айдап жүрген екен.
-Қаскөйлер электровозды осы жерден жүргізіп әкеткен. Мында негізі бөтен адамдардың кіруіне қатаң тиым салынған. Тек, машинист пен оның көмекшісі ғана тізгінде отыруы тиіс. Ал, арам ойын іске асырған азғындардың вагонға қалай кіргенін ешкім байқамапты да.
Электровоз ұрлап, қыз зорлағандардың біреуі қамауда, екіншісі әлі ұстатпай жүр. Бұлардың кінәсі дәлелденсе 10 жылға дейін сотталуы мүмкін. Ал достарын тыйым салынған аумаққа кіргізген Астана депосының қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Негізі ерекше қорғалатын вокзал аумағының күзетіне «Әскерилендірілген теміржол күзеті» жауапты. Сондықтан жұмысына салғырт қараған бұл мекемеге қатысты да сұрақ көп.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін