Жаңа заң ең алдымен отандық телеарналарға үлкен мүмкіндік бермек. Өйткені, осы уақытқа дейін жарнамадан түскен қыруар қаржы сыртқа кетіп жатқан. Яғни, кәсіпкерлер Ресейге немесе өзге мемлекетке барып телекомпанияларға тапсырыс береді. Ал, шетелдік телеарналар кез-келген, тіпті заңмен тыйым салынған тауарларды біздің нарықта емін-еркін насихаттап жүр.
Қанат Сахариянов, КТК телеарнасының Бас директоры:
-Жыл сайын 4 млрд теңге сыртқа, шетелдік телеарналардың бюджетіне кетіп жатыр. Олар елімізде заңмен тыйым салынған сыра, өзге де зиян азық-түлікті жарнамалап келді. Ал, жаңа талаптар шетелдік және отандық телеарналардың арасындағы бәсекелестікті реттеп береді. Біз тең деңгейде жұмыс істеуге дайынбыз.
Сондай-ақ, 2017 жылы шетелдік телеарналар елімізде хабар тарату үшін заңды түрде тіркелуі тиіс. Сөйтіп, қазақстандық телекомпаниялар сынды тіл саясаты, отандық бағдарламаларға қолдау көрсету және басқа да талаптарды орындауға міндетті. Ал, шетелдік жарнамаға тыйым жаңа жылдан басталады.
Меруерт Қазбекова, Мәжіліс депутаты:
-1-ші қаңтардан бастап шетелдік телеарналар Қазақстанның аумағына тарау үшін бүкіл жарнаманы қиып тастауы тиіс. Әсіресе, бұл ресейлік арналарға қатысты. Олар біздің заңның талаптарын мүлдем сақтамайды.
Алайда, отандық телеарналардың сөзін сөйлейтін заңға кабельдік операторлар қарсылық танытып отыр.
Саят Нұрахметов, ҚР Телерадиохабар тарату операторлары қауымдастығының президенті:
-Біз мүлдем тиіспей-ақ қояйық жарнамаға. Операторлар почтальон сияқты. Олар бір жерден алады да, екінші жерге апарып береді. Абоненттік ақымызды алып, техникалық сапаға жауап берейік. Жарнамамен өздеріңіз болыңыздар.
Операторлардың алаңдауына негіз бар. Елімізде қайта трансляцияланатын телеарналардағы жарнаманы қиып тастау немесе шетелдіктерден жарнамасыз таза хабар талап ету соларға жүктелуі мүмкін.
Яғни, кабельдік операторлар шетелдік телеарналар біздің нарықтан мүлдем бас тартуы мүмкін деп қорқып отыр. Сондықтан олар Үкіметтен қосымша уақыт сұрады. Жарты жылда қаржы, техника сынды қажеттіліктерін әзірлеп алмақ. Бұл өтінішке телеарна басшылары да түсіністікпен қарап отыр. Сондықтан шетелдік жарнамаға салынған тыйымға уақытша мораторий жариялануы да мүмкін.