Жарияланды: 410

Өмірден озған Әбіш Кекілбаев жексенбі күні Ұлттық пантеонға жерленеді

Қазақ әдебиеті тағы да қара жамылды. Бүгін заманының заңғар қаламгері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев дүниеден озды. 76 жастағы тау тұлға кеше ғана бұрынғы жұмыс орны Сенатқа келіп, сөз сөйлеген болатын. Сырт көзге жүріс-тұрысы нық көрінген жазушы түн ортасында аяқасты көз жұмды. Кекілбаев қазаққа «Үркер», «Елең-алаң» сынды тарихи романдар, талай классикалық әңгімелерін қалдырды. Ол қаламгер ғана емес, тәуелсіз Қазақстан парламентінің

негізін қалаушылардың бірі, тұңғыш Мемлекеттік хатшы болған қоғам қайраткері. 

Бұл – Әбіш Кекілбаевтың соңғы рет трибунада тұрып сөйлеуі. Жазушы кеше ғана бұрынғы жұмыс орны Сенатқа келіп, депутат Мұхтар Алтынбаевтың мерейтойына арналған жиынға қатысқан. Сонда тау тұлға еш сыр бермеді, жүзі мен сөзі де сергек болатын.

Әбіш Кекілбаев, Қазақстанның халық жазушысы:

- Жасың жас. 70 деген жігіттің жасы деуші еді, сол өтірік болмады ғой, рас екен. Қазір көзіміз көріп келе жатыр.

Кекілбаевты Сенатта әріптес, жолдас, замандастары құрметпен қарсы алғанмен, ешкім сол күні жазушыдан көз жазып қаламыз деп ойламағаны анық. Ал, марқұм қаламгердің өзі Парламентке әдейі келіп қоштасып кеткендей.

Мұхтар Алтынбаев, Сенат депутаты:

- Қоштасқан болды ғой,трибунаға шығып. Сонда көзін көрдім мен, нұр шығып тұрды.  Адал, жүрегі ашық адам. Иманы салауат болсын.

Кекілбаев қаламгер ғана емес, өмір бойы халқы үшін еңбек еткен  қайраткер. Оның қызметтік жолы еліміз тәуелсіздік алған жылдармен тығыз байланысты. Қазақстан парламентінің негізін қалаушылардың бірі, тұңғыш Мемлекеттік хатшы, ұзақ жылдар Елбасының кеңесшісі және Сенатта депутат болды. Парламентте қазақ тілі, ұлттық тарих, мәдениеттегі мәселелерді көтерді. Сондықтан қаралы хабарды естіген шенеунік, саясаткерлер мен депутаттар Әбіш ақсақалдың үйіне қарай ағылуда. Жазушының қазасына көңіл айтып таңертең Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова, Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков те жетті.   

Әбіш Кекілбаев Маңғыстау облысында туған. Сұм соғыстың кесірінен әкесінен ерте айырылды. Бала күнінен кітап құмар, үлкен кісілердің өткен-кеткен әңгімесіне үйір болған екен. Жазушы болуды мүлдем армандамаған Кекілбаевтың шығармалары қазір әлемге тарады. Ол Чеховты, Шекспирді де аударды. «Үркер», «Елең-алаң» сынды тарихи романдары, «Шыңырау», «Күй», «Құс қанаты» әңгімелері және өзге де классикалық шығармалары әлі талай ұрпаққа азық болары даусыз. Бірақ, заңғар жазушының әлі де жазары бар еді...

Әбіш Кекілбаев, Қазақстанның халық жазушысы:

-Мен қазір осы ұлт туралы жазғым келіп жүр. Жинаған көптеген материалдарым қалып бара жатыр. Мынау қазір көз кетіп барады. Соны бірдеңелер жазып үлгеріп кетсем деймін. Көрген білгенімді жазып үлгеріп кетсем болар еді.

Мемлекет және қоғам қайраткерінің артында 51 жыл бірге өмір сүрген жары мен 3 баласы, 6 немересі және «қазақтың қатары көбейсе» деген асқақ арманы қалды. Әбіш Кекілбаев жексенбі күні Астанадағы Ұлттық пантеонға жерленеді.

Әбіш Кекілбаев, Қазақстанның халық жазушысы:

-Мен Қазақстанның үлкен территориясына лайық өзінің  халқы болғанын жақсы көремін. Бабамыздан қалған жерді толтырып жататындай халық болғанын жақсы көремін. Мен ең үлкен арманым сол. Маған алтын сандықтың үстінде қалған сәби баладай көрінеді қазақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін