Жарияланды: 250

Петропавлдағы саяжай иелерінің бау-бақшалары су астында қалды

Көкөністерін әлі толық жинап үлгермегендер бұған жергілікті жылу электр станциясын кінәлап отыр. Қысқа дайындықты бастаған жылу берушілер саяжай маңындағы каналға жүйедегі суды ағызып жіберген. Салдарынан жұрттың ала жаз бойғы еңбегінің жемісі су астында қалды.

Елена Полховскаяның саяжайдағы мына сұмдықты көріп төбе шашы тік тұрды. Ала жаздай өсірген сәбізі мен картобы су астында жатыр. Тіпті биыл жазда ғана тұрғызған шағын үйі де суға толған. Кешеден бері кілемдерін кептіріп әлек болып жүрген ол телефон шалып, дабыл қақпаған жерім қалған жоқ дейді.

Елена Полховская, саяжай иесі:

-Мынау тіпті сұмдық қой. Неге саяжайшыларға мұндай қастандық жасалған. Жаз бойғы еңбегіміз зая кетті. Көршілерімнің бәрі зейнеткер, енді қыс бойы олар не жейді? Біз не жейміз?

Су осындағы 70-ке жуық саяжайға бір түнде келіпті. Жер иелері бұған жергілікті жылу электр станциясын кінәлап отыр. Айтуларынша, кәсіпорын құбырларындағы қалдық суды осы маңнан өтетін каналға ағызып жіберген. Ернеуінен асқан су саяжайды шайыпты. Ал станциядағылар өз істерін дұрыс дейді.

Радий Әйтекеев, «Петропавл жылу электр станциясы» АҚ бас инженері:

-Негізі, мұнда ешқандай саяжай болмауы тиіс. Өйткені бұл жерден біздің екі канал өтетіндіктен, кәсіпорынның технологиялық аймағы болып саналады. Желідегі суды осы каналдарға ағызып, суды суытамыз да, қайтадан жүйеге сорып аламыз.  

Кәсіпорын мұндай шараларды жарты ғасыр бойы атқарып келеді. Ал осы жолы жер телімдерін су басып қалуына саяжайшылардың өздері кінәлі екен. Олар каналға насос қойып, бақшаларын суарыпты. Кейін сол насос қойылған ернеуі жырылып, су кеткен.  

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін