Жарияланды: 570

Қостанайда ерлі-зайыптылар кәмелетке толмаған немересіне есірткі сатқызған

Қостанайда полиция қызметкерлері героин саудасымен айналысқан 51 жастағы ер адам мен оның әйелін ұстады, деп хабарлайды ІІД-нің баспасөз қызметі.

Полицияның ақпаратына сәйкес, еш жерде жұмыс істемейтін ерлі-зайыпты азаматтар 12 жастағы немересінің қолына героин салынған орама ұстатып, есірткі сатуға жіберген. Үйлерін тінту барысында кіреберіс дәліздегі диваннан героин салынған үш орама, шкафтан сіріңке қорабына салынған тағы екі орама табылған. ІІД есірткі бизнесімен күрес бастармасының бастығы Серік Нұртаевтың айтуынша, тәркіленген героинның жалпы салмағы 4 грамнан асқан, бұл аса ірі көлем деп есептеледі. Ерлі-зайыптылар есірткіні сатып, пайда табу мақсатында сақтап келген. Олар кәмелетке толмаған немере қызын қылмыстық қызметке тартқаны үшін 5-тен 8 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Күдіктілер қамауға алынды. ҚР ҚК 259 б.3б. – адамдар тобының алдын ала сөз байласып, бірнеше рет есірткі заттарын аса ірі көлемде сату мақсатымен заңсыз сатып алу бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін