Жарияланды: 20

Құрбан айтта 424 миллион теңгенің еті таратылды

Құрбан айтта 424 миллион теңгенің еті таратылды

"Зекет" қоры құрбан айтта 34 900 отбасыға 300 тоннаға жуық ет үлестірді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы "Зекет" қоры Құрбан айт аясында таратылған еттің есебін жариялады. Бұдан бөлек, қасиетті мейрамда екі отбасыға пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

"Зекет" қоры баспасөз қызметінің хабарлауынша, құрбандық еті барлық өңірде көмекке мұқтаж адамдарға таратылды. Мәселен, Алматыда 2,5 тоннаға жуық ет үлестірілсе, Нұр-Сұлтанда 1 тонна ет 200 отбасыға берілді.

Жалпы, республика бойынша тұрғындар 6 түйе, 743 ірі қара және 8 538 қойды "Зекет" қоры арқылы құрбандыққа шалып, 283 тоннаға жуық етті таратты. Бұның барлығы 34 900 отбасыға үлестірілді.

Еттің жалпы құны – 424 миллион теңге. Сондай-ақ, соқырлар қоғамдарына, мүмкіндігі шектеулі және мүгедектер үйлеріне, қарттар үйлеріне, мектептер және медреселерге көмек берілді.

Бұдан бөлек, "Ел үлесі – пәтерге!" жобасы аясында қасиетті мейрамда Талдықорған өңірінің тұрғындарына пәтер кілті табысталды. Бұл жолы Қабанбай ауылындағы жеті баланың анасы және Көшкентал ауылындағы үш қыз тәрбиелеп отырған жалғызбасты мүгедек ана баспаналы болды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін