Роман Скляр «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру бойынша жиналыс өткізді - kaz.caravan.kz
  • $ 481.84
  • 531.33
+6 °C
Алматы
2024 Жыл
4 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Роман Скляр «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру бойынша жиналыс өткізді

Роман Скляр «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру бойынша жиналыс өткізді

Үкіметте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен кеңесте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысы қаралды.

  • 29 Шiлде
  • 5
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайдя.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда, оның шеңберінде 2026 жылға дейін 740 мың оқушы орнына арналған жаңа форматтағы 369 мектеп салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 217 мектеп бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр.

Ұлттық жобаны іске асыру кезінде білім беру ортасының функционалдығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Талаптардың қатарында заманауи техникалық құралдарды енгізу арқылы қауіпсіздік шараларын арттыру, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін кедергісіз орта құру және мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету көзделген.

Бұл ретте отандық тауар өндірушілерге басымдық беріледі. Ұлттық жобадағы қазақстандық өндіріс материалдарының үлесі орта есеппен 70% құрайды, оның ішінде құрылыс материалдары 90%-ға дейін. Жиһаз өнімдері тек отандық өндірістен қарастырылған.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы М. Айманбетов баяндағандай, алғашқы нысандарды іске қосу белгіленген мерзімнен бұрын аяқталады. Яғни, 21 жайлы мектеп тамыз айында оқу жылы басталғанға дейін ашылады. Бұдан әрі жоспарға сәйкес қыркүйек айында 18 мектеп, қазан айында тағы 58 және жыл соңына дейін 112 мектеп ашылады. Сонымен қатар, елімізде түрлі қаржы көздері есебінен 85 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 8 мектеп пайдалануға берілді және 30-дан астам мектепті жаңа оқу жылы басталғанға дейін салу жоспарлануда.

Сондай-ақ ұлттық жобаның 2-кезеңін іске асыру бойынша ұйымдастырушылық мәселелер талқыланды, атап айтқанда, 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру мерзімімен 152 жайлы мектеп салу үшін мердігерлік ұйымдарды анықтау бойынша конкурстарды қысқа мерзімде өткізу тапсырылды.

Жиналыс барысында Роман Скляр уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға отандық өндірушілерді барынша тарту, құрылыстың сапасына қатаң бақылау жасау, пайдалануға берудің белгіленген жоспарын сақтау бойынша шараларды қамтамасыз етуді тапсырды.