Семейде қос бүйрегінен айырылған жандар наразылық білдірді
Олар жергілікті биліктен үй шаруасына қолғабыс қылатын туған-туыстарына ай сайын ақы төлеуді талап етуде. Айтуларынша, еліміздің басқа қалаларында ондай күтушіге жәрдемақы тағайындалған. Ал Семей бюджетінде мүгедектерге қарайтындарға қаражат қарастырылмапты. |
Елуді еңсерген Құсманияр Байқадамовтың қос бүйректің кеселінен қос таяқты қолтықтағанына 5 жылдың жүзі болыпты. Жарымжан болғандықтан күнделікті отын-суын тасымалдаудың өзі бір қиямет-қайым. Ал қысылғанда қолғабыс қылатын ет жақындары өздерінің күйбең тірліктерінен уақыттары артылмайтын көрінеді. Сондықтан көршілерінің көмегіне зәру.
Құсманияр Байқадамов, Бірінші топтағы мүгедек:
-Маған бір көмекші керек. Егер оған ақша төлесе қарайды ғой. Туыстарым болсын. Ал, менде ондай жағдай жоқ.
Бірінші топтағы мүгедек әйелі бар Марат Тұмақбаевтың да қабағы қату. Өзінің шамасы келмегендіктен әйеліне 5 жылдан бері қарап отырған өз ұлдары екен. Сол себепті қызмет істемегендіктен анасына мемлекет тағайындаған 30 мың теңгеге тәуелді. Ал қаражат сырқат адамның дәрі-дәрмегінен де аспайды. Енді баласы болса да еңбегі ескерілсе дейді.
Марат Тұмақбаев Семей қаласының тұрғыны:
-Мына жерге келіп айттым. Балалар бар емес пе?...Сонда балалар жұмыс істемей шешесіне қарап отыра ма?... Ал, жарайды. Мен шешесіне қаратып отырғыздым. Енді, оған ақы төлеу керек қой.
Күтушіге ақы төлеу мәселесі еліміздің басқа қалаларында оң шешімін тапқан екен. Тек Шығыс Қазақстанда мұндай мәселелерге қаражат қарастырылмапты.
Азамат Құрманғалиев, Семей қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
-Бүгінгі таңда әлеуметтік жәрдемақы 18 жасқа дейінгі балаларды қарап отырған ата- аналарға қарастырылған. Ал енді 18 жастан асқан өзінің балалары болсын немесе әке- шешесі болсын, соларды қарайтын күтушіге ондай қаражат қарастырылмаған.
Бүгінде жергілікті билік кембағал жандарға әлеуметтік қызмет көрсететін шамамен 14- тен астам қызметкерді бекітіп берген. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау сияқты жеңіл- желпі қызымет көрсетеді екен. Ал, қол ұшын беретін туған-туыстарына еңбекақы төлеу туралы бұйрық жоқ дейді мамандар.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін