Жарияланды: 580

Сенат отырысының күн тәртібі келісілді

Сенат отырысының күн тәртібі келісілді

8 қазанда болатын Сенат отырысында Палата он екі заң жобасын қарауды жоспарлады.

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев және Палата Бюросының мүшелері қабылдаған Қаулыға сәйкес, депутаттар назарына Кәсіпкерлік кодексінің жобасы, заңнамаға кәсіпкерлік мәселелері бойынша ілеспе өзгерістер мен толықтырулар (бірінші оқылым) және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәмiздерi туралы» конституциялық заңға түзетулер шығарылатын болады. Заңнамаға мәдениет және тарихи-мәдени мұра және үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды бірінші оқылымда талқылау жоспарланды.

Палата отырысына сондай-ақ «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы», «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң жобалары, сондай-ақ бірінші оқылымда заңнамаға тиісті түзетулер де енгізіледі. Бірінші оқылымда Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар жобасын да талқылау жоспарланады.

Сенаторлар сонымен қатар заңнамаға құқық қорғау органдарының қызметін және құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша (бірінші оқылым) түзетулер енгізу туралы бірқатар заң жобаларын қарайды.

Одан басқа, Бюрода таяуда Мәжілістен түскен он төрт заң жобасы Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлінді.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Қоғамдық кеңестер туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң жобалары және заңнамаға осы заң жобалары бойынша ілеспе түзетулер бойынша бас комитет болып белгіленді.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен шұғылданады.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетіне «Өзін-өзі реттеу туралы» заң жобасы мен оған байланысты ілеспе түзетулер тапсырылды.

Қаржы және бюджет комитеті заңнамаға оңалту және банкроттық мәселелері, азаматтарға рақымшылық жасау мәселелері, жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін декларациялау мәселелері, бюджет заңнамасын жетiлдiру мәселелері бойынша түзетулер жобалары, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң жобасы және заңнамаға ілеспе түзетулер жобасы бойынша Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті айналысатын болды.

Бас комитеттер Сенаттың барлық тұрақты комитеттерінің ұсыныстарын пысықтап, осы заң жобалары бойынша Палатаның отырыстарына тиісті қорытындылар әзірлейді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін