Жәбірленуші «Паллада» қару-жарақ дүкенінің иесінен 5 млн теңге талап етті - kaz.caravan.kz
  • $ 441.8
  • 480.02
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жәбірленуші «Паллада» қару-жарақ дүкенінің иесінен 5 млн теңге талап етті

Жәбірленуші «Паллада» қару-жарақ дүкенінің иесінен 5 млн теңге талап етті

Маусымдағы лаңкестіктің зардабын шеккен Ойландық Жәрменов «Паллада» қару-жарақ дүкенінің иесі Артем Горлаевтан 5 миллион тең

  • 16 Қыркүйек 2016
  • 457
Фото - Caravan.kz

Маусымдағы лаңкестіктің зардабын шеккен Ойландық Жәрменов «Паллада» қару-жарақ дүкенінің иесі Артем Горлаевтан 5 миллион теңге моральдық шығын талап етті.

Қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаушылармен қақтығыс кезінде күзет қызметкерінің басы мен денесіне оқ тиген. Ол әлі күнге дейін ауруханада ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Bnews.kz. 

5 маусым күні «Паллада» қару-жарақ дүкеніне лаңкестік шабуыл жасалды. Дабылды ести сала күзет қызметкерлері 38 жастағы Ойландық Жәрменов пен оның әріптесі Мирхан Тәжібаев оқиға орнына 4 минут ішінде жетіп барған. Қарулы топ оларды оқ жаудырып, қарсы алды. Ойландық Жәрменовтің басы мен денесі зақымданған. Дәрігерлер оның денесінен 3, басынан 3 оқ алды. Оқтың біреуін хирургтар жігіттің бас сүйегінен шығара алмаған. Үш ай бойы ауруханада жатып, ем қабылдап жүрген жәбірленуші дүкен иесі Артем Горлаевтан 5 миллион теңге моральдық шығын талап етіп отыр. Себебі, екі баласы бар, жұбайы жұмыс істемейді. Үш ай бойы қарызданып күн көріп жүрген жәбірленуші жұмысқа жарамсыз болып қалған.

«Құлақтың үсті мен жауырын тұсынан оқ тиіп, күні бүгінге дейін ауруханада ем алып жатырмын. Бұған дейін көмек сұрап, сотқа арыз беретін шамам болмады. Дәрігерлер бас сүйектегі бір оқты алмады. Не болатынын да білмейміз. Жұмысқа жарамсыз күйімде облыстық жедел жәрдем ауруханасында ем қабылдап жатырмын. «Паллада» қару-жарақ дүкені иесінің сотына жәбірленуші ретінде қатысқандықтан ауруханадан сұранып келдім. Мен дене жарақаты үшін, жұмысқа жарамсыз күйімді ескеріп 5 миллион теңге моральдық шығын талап етіп отырмын. Кім төлесе де маған бәрібір»,- дейді жәбірленуші Ойландық Жәрменов.

Оны сотта Нұржамал Әжіғалиева қорғайды. Сотқа арыздану үшін жәбірленуші денсаулығының жақсаруын күткен екен.


«Біз сотталушы Горлаевтан тек моральдық залал сұрап тұрмыз. Жәбірленуші жан азабын ғана емес, тән азабын да тартып отыр. Жұмысына ғана емес, отбасына, бала-шағасына зиянын тигізді. Себебі, жәбірленуші Жәрменов отбасының жалғыз асыраушысы. Бұл жерде моральдық залалды талап етуі Конституциялық құқығы деп білеміз»,- дейді қорғаушы Нұржамал Әжіғалиева.

Айта кетейік, «Паллада» қару-жарақ дүкенінің иесі Артем Горлаев қару-жарақты сақтау талаптарын орындамағаны үшін сот алдында жауап беріп жатыр. 5 маусым күні лаңкестер бұл дүкеннен 18 қару мен оқ-дәрі алып кеткен болатын. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, прокуратурамен процессуальдық келісім жасауға өтініш берген. Келісім туралы өтініш кезекті сот отырысында қабылданған жоқ. Себебі, жәбірленушілердің бірі Ойландық Жәрменов моральлық шығын талап етті.

Соңғы жаңалықтар