Жарияланды: 510

Жамбыл облысына барған Назарбаев ұлан-асыр тойға қатысты

Қазақ хандығының 550 жылдығына қатысты дүбірлі той бүгін Тараз жерінде жалғасты. Алыс жақын шет мемлекеттерден мәртебелі меймандар келіп, құттықтау тілектерін айтуда. Тарихи датаға орай ұйымдастырылған шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, «Мәңгілік ел» монументінің ашылу салтанатына қатысты.  

Жұрт тағатсыздана күткен думанның мәртебелі мейманы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Президент ұшақтан түскен бойда «Мәңгілік ел» монументінің ашылу салтанатына қатысты. Әрқашан халықты әзілімен қағытып алатын Елбасы бұл жолы да мұқым елді күлкіге қарық қылып, көңіл күйлерін бір көтеріп тастады. Содан соң, қазақ тарихы қатпарларын қаза қопарып, өткенге шолу жасады.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Көне Тараз Жамбыл облысы, әр уақытта менің бір ең жақсы көретін өңірім. Оңтүстік өңірде тұрған қала, көне тарихы бар, сонау тарихымыздан бері қарай алатын болсақ, Таразды айтпай кетуге болмайды. Қазір орталықта үлкен мұражай ашылып, қазба жұмыстары жүріп жатыр. Әлі де талай-талай жаңалықтар болады.

Шаһардың шетінде тұрғызылған «Мәңгілік ел» монументі алыстан менмұндалайды. Биіктігі 30 метр, аумағы үш жарым гектар жерді алып жатыр. Басындағы белгісі Ұлықбектің жұлдызы деп аталады. Стелланың қос қапталында, Керей мен Жәнібек тақта отыр. Қос мүсін қоладан құйылған. Ерекше монумент ел-жұрт жиі келетін орынға айналмақ.

-Жалпы бүгін қазақтың сан ғасырлық тарихын ұлықтайтын күн. Соған орай екі күннен бері түрі шаралар өтіп жатыр. Оны тамашалуға еліміздің түкпір –түкпірі мен шет мемлекеттерден 5 мыңнан аса қонақтар келген. Осы қазақ хандығының 550 жылдығы жергілікті биліктің нағыз сыналатын шағы. Сондықтан ақжағалылар келген қонақтарға жайылып жастық, иіліп төсек болуда.

Көне шаһардың қазіргі келбеті адам танымастай өзгерген. Түрлі нысандар салынып, тұрғындардың көз қуанышына айналды. Мәселен: жуырда ғана шаңы шығып жатқан мына жерге, ашық аспан астындағы мұражай мен Достық үйі тұрғызылған. Ал осы таң-тамашаны мына шолу мұнарасынан көруге болады. 

Жазира Шілдебаева, Тараз қаласының тұрғыны:

-Тараз қаласында көптеген өзгеріс болды. Адамдардың демалып, қыдыратын жерлері пайда болды. Маған қатты ұнайды, көптеген архитектуралық, жақсы ғимараттар соғылды. Маған өзіме қатты ұнайды.

Ертеде отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлаған. Бірақ хандықтың туы тігілген күн үш күн мерекеленбек. Сондықтан  сән-салтанатты көрем деушілерге әлі уақыт бар.Қазір орталық стадионда думанды кеш өтіп жатыр. Ал, ертең құрлықтық турнир Еуразия барысы өтпек.  

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін